Балалар шаттанған күн
Жезді кентінде 90-шы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде Балалар өнер мектебі мен Оқушылар үйі жабылып тынған болатын. Биыл сол олқылықтың орны толтырылып, олар жергілікті бюджеттен бөлінген 35 млн. теңге қаражат есебінен жаңғыртылды. Қайыра жанданған маңызды ошақтардың ашылу салтанатына аудан әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ қатысты.
— Бүгінгі жаһандану заманында балаларға тек қана білім алу жеткіліксіз. Оқушылар мектеп бітіргенде бір өнер түрін үйреніп шығуы – уақыт талабы. Олар, әсіресе, домбыра, қобыз аспаптарын жетік меңгеруіне мүдделіміз. Біз балалардың арасынан таланттарды табуымыз керек. Оның ішінде, сурет салуға, ән айтуға икемі бар оқушыларды анықтау – қажеттілік. Мектептен тыс тәрбие жұмысына басымдық берілуі тиіс. Сол мақсатпен барлық ауылдық мектептерде филиалдар ашып жатырмыз. Жездіге айрықша назар аударуымыз – бұрын бұл кентте Оқушылар үйі болған. Өскелең буынның робототехниканы меңгеруіне көмектесуіміз қажет. Келесі жылыкентте Спорт кешені ашылады, демек, жастардың спортпен айналысуына мол мүмкіндік туады. Бұның бәрі – ел Президентінің саясаты. Облыс әкімдігі ауданға айтарлықтай қолдау көрсетуде. Ең бастысы, елдімекендерге жас мамандарды көбірек тартуымыз қажет, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Бұдан кейін кенттегі ардагерлер алқасының төрағасы Рүстем Төрегелдин, еңбек ардагері Құсайын Саматұлы, ардагер ұстаз Сара Өмірзақова жүрекжарды лебіздерін білдірді. Жаңғыртылған нысанның лентасын Берік Әбдіғалиұлы мен Рүстем Төрегелдин қиды.
Балалар өнер мектебі филиалында домбыра, хореография, эстрадалық вокал, фортепиано, бейнелеу өнері үйірмелері бар, 120 оқушыға 7 мұғалім сабақ береді. Ал Оқушылар үйі филиалындағы 80 оқушыға 7 мұғалім тәлімгерлік етеді. Онда робототехника, тоғызқұмалақ, шахмат, құммен сурет салу, сән өнері, қолөнер үйірмелері жұмыс істейді.
Алдағы уақытта ауданға қарасты кенттер мен ауылдық округтерде де Балалар өнер мектебінің филиалдары ашылатын болады.
Өз тілшімізден.