Балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға мемлекеттік бақылау күшейтіледі

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжат балалардың құқықтарын қорғау жүйесін және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын жетілдіруге, сондай-ақ , мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданыстағы тетіктердің орнына салалық заңдарға бақылау мен қадағалауды жүргізудің ерекше тәртібі енгізіледі. Осылайша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске екі жаңа формат енгізілді: жоспарлы тексерулер және нысанға бару арқылы мониторинг.
Жоғары тәуекел деңгейіндегі нысандарға жоспарлы тексерулер кемінде алты айда бір рет, ал төмен тәуекел деңгейіндегі нысандарға жылына бір реттен жиі емес жүргізіледі. Мұндай нысандардың жарты жылдық тізімдері уәкілетті органның интернет-ресурстарында ашық түрде жарияланып отырады.
Ерекше бақылау жүйесіне балалардың болу орындарында құқық бұзушылықтарды проактивті анықтауға бағытталған нысанға бару арқылы мониторинг атты жаңа тетік енгізілді. Мониторинг жүргізудің негізі Мемлекет басшысы, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының тапсырмалары, сондай-ақ, оқу жылына дайындықты, жазғы маусымға сауықтыру объектілерінің әзірлігін және медициналық ұйымдардағы эпидемияға қарсы іс-шаралардың уақытылы орындалуын бағалау мақсатында Денсаулық сақтау министрінің тапсырмалары болмақ.
Ерекше тәртіп бойынша нысандарға алғаш рет бару кезінде айыппұл түріндегі әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылмайды. Әкімшілік шаралар тек құқық бұзушылықтарды жоймаған қасақана тәртіп бұзушыларға ғана қарастырылған.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің өкілеттіктері кеңейеді. Олар бұдан былай бюджет бағдарламаларының әкімшілеріне құқық бұзушылық себептерін жою туралы жеке ұсыныс енгізу, мемлекеттік меншік нысандарына қатысты жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдарға міндетті ұсынымдар жолдау арқылы балалар мекемелеріндегі құқық бұзушылықтардың жүйелі себептерін жоюды талап ету құқығына ие болады.
Қазіргі уақытта Заңды іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Болат ҚАЛМАҒАНБЕТОВ,
Ұлытау облысының санитариялық-
эпидемиологиялық-бақылау
департаментінің басшысы.