Балаларға қуаныш сыйлады

1 мамыр – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Аманкелді ауылдық округі орталығындағы бүлдіршіндерге арналған ойын алаңын жаңғыртып, қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Ауыл әкімдігі ұйытқы болған игілікті іске жергілікті бюджеттік мекемелер қызметкерлері мен жастар қауымы белсене атсалысып, балаларға қуаныш сыйлады.

Соның аясында балғындардың ойын алаңы көлденең қоқыстан толық тазартылып, құм төселді, ойын снарядтары мен қондырғылары түрлі-түсті бояулармен сырланып, жаңаша келбетті иеленді.

– Ортақ мүдделі іске риясыз ынта-ықыластарын танытып, қажетті шаруаға өздерінің жекеменшік көліктерін қосқан ауылдың белсенді азаматтары Жанболат Мүтәл мен Азамат Бітімбайға айтар алғысымыз шексіз. Балалардың қуанышы – бәріміздің мерейіміз. Сондықтан болар, жұмысқа білек сыбана кіріскен елдің құлшынысы мен қарқыны көңіл тоғайтты. Тұрғындардың ризашылығын иеленген бұл істі елдіктің өлшемі деп бағалауға толық негіз бар. Осы тектес қадамдар ауыл көлемінде әлі де атқарыла берері күмәнсіз. Себебі, ауылдың сыртқы кескін-келбетінің тартымды болуы – ауыл адамдарының мәдени дүниетанымы деңгейінің көрсеткіші. Соған лайықты қалыптан айнымау – сындарлы міндет – дейді ауылдық округ әкімі Ноян Жеңсікбаев.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ

АМАНКЕЛДІ ауылы.