Балаларға қамқорлық
Жыл сайын өткізіліп тұратын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл да жалғасуда. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген өнегелі сөзді басшылыққа алып, әркез балаға қуаныш сыйлау, олардың балғын шақтарын шуақты өткізуге қолұшын беру кімге болса да парыз.
Осы мақсатпен акция аясында кент әкімі Дулат Сүлейменовпен келісе отырып, ауыл көшесіне бильборд ілінді. «Ауыл балаларына мектепке сыйлықтар» ұранымен Жезқазған қаласындағы «Жылы жүрек» қайырымдылық қоры ауылымыздың «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Есенкүл Төлегенованың балаларына 93 мың теңге көлемінде оқуға қажетті құралдар мен киім-кешек түрлерінен көмек көрсетті.
Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекке мұқтаж басқа да балаларды Жезқазған қаласындағы жеке кәсіпкер Маржан Жәлелова сөмкелермен қамтамасыз етті. Мектеп мұғалімдері Гүлзат Әлімбетова, Сағыныш Әбдірахманова, Аяужан Мейірбекқызы, Жұртшыбай Ермағанбетов бірлесіп, аз қамтылған көпбалалы отбасы балаларын назардан тыс қалдырмай, мектепке қажетті оқу құрал-жабдықтарын алып беруге жәрдемдесті.
«Мектепке жол-2021» акциясы қыркүйектің 30-на дейін жалғастырылып, әлі де мектеп оқушыларын керекті құрал-жабдықтармен қамту алдағы уақытта жоспарлануда.
Аяужан БАҚБЕРГЕНОВА,
№5 Пионер мектебінің әлеуметтік педагогы.