Балғындар шаттығын еселеді
Халықаралық балаларды қорғау күнінде аудан орталығындағы «Өркен» балабақшасында «Әрқашан күн сөнбесін!» атты бүлдіршіндер арасындағы мерекелік ертеңгілік өтті. Шырайлы шараға «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жомарт БЕГАЕВ қатысып, балалардың қуанышын бөлісті.
Балғындар мерекесінде оларға өте тартымды бағдарлама ұсынылды. Сайқымазақтар бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Балалармен бірге ән айтып, флешмоб биледі. Қонаққа арнайы келген мультфильм кейіпкерлері Маша мен Аю және Спанчбоб «Тәттіні тасымалдау», «Кім жылдам?» ойындарын ойнатты. Ойынның оларға тартымдылығымен ұнағаны белсенділік танытуларынан аңғарылып тұрды. Сонымен қатар, асфалтқа сурет салудан сайыс өткізіліп, би кеші өткізілді.
Мереке иелеріне «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының ұйымдастыруымен балмұздақ таратылып берілді.
Өз тілшімізден.