Бабыр биге ескерткіш орнатылды
Қасиетті жұма күні ауданымызбен қоңсылас жатқан кеншілер қаласы – Сәтбаевта Бағаналы Бабыр би Бөкеншіұлына орнатылған еңселі ескерткіш салтанатты түрде ашылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл шара бабаның кеншілер шаһарындағы көшесінің бойында өтті. Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатына Бабыр Бөкеншіұлының Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі ұрпақтары арнайы келіп қатысты.
Бабыр Бөкеншіұлы (1770-1864) – Арқа қазақтары айрықша кұрметтеген қайраткер. Найманның Бағаналы тармағының Қызылтас-Ибескі-Жұртшы болысын 25 жыл басқарған. Елдің азаттағы мен дербестігі үшін күрескен Кенесары ханның көтерілісін қолдаған. Бабыр би әулие, гуманист, прагматик болған. Бабамыз өзінің қарамағындағы халықты егіншілікке баулыған, мыс кенін игеруде айтарлықтай еңбек сіңіріп, жер байлығы көптің ырзығы, келешек ұрпақтың азығы болатынын түсіндірген. Бабыр Бөкеншіұлы қасиетті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қабірге жерленген.
2020 жылы Бабыр Бөкеншіұлының туғанына 250 жыл толды. Осыған орай, Қазақстап Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Монументтік өнер кұрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №18 хаттамасы бойынша Бабыр биге ескерткіш орнату жөніндегі ұсыныс қолдау тапты. Монументтік өнер туындысын бабаның ұрпағы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген энергетик Өзденбай Жәкіұлы Жұманов өзінің жеке қаражаты есебінен жасатты. Ал, ескерткіштің авторы – мүсінші, Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев.
Кеше Сәтбаев қаласындағы Бабыр би көшесінің бойында орнатылған бабаның еңселі ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Салтанатты рәсім шымылдығы Бабыр бидің ұрпағы, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, Ұлытау-Жезқазған өңіріне «Бала Тайжан» атымен танымал ақын Бағдат Байжантаевтың бабасына арнаған арнауымен түрілді. Арнауды ұлытаулық әнші, Тайжан Қалмағамбетовтың 140 жылдығына орай өткен ІІ республикалық Тайжан әндерін орындаушылар байқауының лауреаты Бексұлтан Барақбай нақышына келтіре орындады.
Бұдан соң Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бәйменов сөз сөйлеп, жұртшылықты мағыналы ғұмыр кешкен бабаның еңселі ескерткішінің ашылуымен ақжарыла құттықтады.
Салтанатта сондай-ақ, Сәтбаев қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтеш Ахметов, жерлесіміз, журналист, жазушы Батырбек Мырзабеков, Бабыр би Бөкеншіұлының ұрпағы Мырқы Ақпанбетов сөз сөйлеп, батыр бабаның өмірі мен елге сіңірген еңбектеріне қысқаша шолу жасады. Ескерткішті жасатқан Өзденбай Жұмановқа, мүсінші Амантай Меңдіғалиевке, осындай тәлімі мол іске мұрындық болған Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысовқа алғыстарын айтып, ризашылық сезімдерін білдірді.
Салтанатты шара еңселі ескерткіштің шымылдығын ашумен түйінделді. Бұл рәсімді Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов пен құрметті мейман Әлихан Бәйменов және Бабыр бидің тікелей ұрпағы Мырқы Ақпанбетов жүзеге асырды.
Бұдан кейін қала басшылығы, құрметті меймандар мен жалпы жұртшылық қастерлі баба рухына ізетін гүл шоқтарын қою арқылы білдірді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
СӘТБАЕВ қаласы.