БАБАЛАР ЖОЛЫМЕН…

Қазіргі таңда баладан қарияға дейін әлеуметтік желінің қолданушысы және белсенді «кейіпкері» болды десек, артық айтпаған болармыз. Желі қолданушылар жас ерекшеліктеріне қарамай, ақпаратты сүзгіден өткізбей, эмоцияға бой алдырып, осы ақпараттық кеңістікте бір-біріміздің абыройымызға дақ түсіріп, көңілімізге кірбің ұялатып жатқаны аз емес. Осы әттеген-ай ларға бой алдырмас үшін, мен өз ойымды, ортаға салсам деймін. Әр адам болмысына қарай, қоғамдағы жаңалықтарды көріп, тыңдап қана қоймай, өз бетінше ізденеді. Бірі- кітаптан, бірі – әлеуметтік желіден дегендей. Осы жолы қолыма түскен Бабалар ізімен атты (Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп 2024 ж). кітапта жазылған құнды жазбалармен бөліскім келіп отыр. Оның ішінде, әдеп жайында сөз етпекпін.


Ия, қандай қоғамда болмасын адамның адамгершілігі оның мінез-құлқына, әдебіне, жүріс-тұрысына қарай бағаланатындықтан, әдептің маңызы қашанда жоғалмайды.
Қазақ қоғамында да адамдардың өзара қарым-қатынас қағидалары саналатын әдептілік нормалардың маңызы өте үлкен болды. Мұны халқымыздың «әдепсіз бала – ауыздықсыз атпен тең», «әдептіліктің белгісі иіліп сәлем бергені», «жақындықтың белгісі көп кешікпей келгені», «алыстан сәлем береді, әдепті елдің баласы», «ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деген көптеген мақал-мәтелдерден аңғаруымызға болады. Халқымыздың осындай астарлы сөздерінде қаншама тәрбие жатыр.
Діні мен дәстүрін ардақтаған қазақ халқы да ұрпағын кішкентайынан бастап, әдептілік қағидаларды өмірде қалай іске асыру керектігін күнделікті жүріс-тұрысы арқылы да өнеге етіп көрсеткен. Мұндай тәрбие көріп өскен бала, әр ортада өзінің орнын біліп, тәрбиелі де сыпайы, қадірлі де құрметті азамат болып жетілген.
Ата-бабаларымыз барлық тәрбиені «әдеп» және «ар» деген екі сөздің ұғымына сыйғыза білген. Хакім Абай атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл, артық білуге – деп ар-намысты адамның жеке басының пайдасынан да жоғары қою керектігін өсиет еткен.
Әдепті арнайы ілім ретінде таныған – Әбу Насыр әл-Фараби. Ғұлама бабамыз әдепті жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін, ғылым деп танып, «Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның рухани байлығы, қазынасы» деген. Ендеше, әдептілік қағидаларын танып, білудің адам баласы үшін маңызы өте зор. Әрбір адам Жаратушысымен байланысын жөндеп, әрі өзін моральдық тұрғыда шыңдап, жетілдіріп отыру арқылы ғана рухани шыңдалып, кемелдікке қол жеткізе алады.
Бұл кітапта әдепке қатысты Ислам әдебі, мұсылман алдындағы әдеп, ұстаз алдындағы әдеп, мешіт алдындағы әдеп, ата-ана алдындағы әдеп, ерлі-зайыптылар алдындағы әдеп, перзент алдындағы әдеп, ағайын-туыс алдындағы әдеп, көрші алдындағы әдеп, өзге ұлт өкілдеріне қатысты әдеп деп көрсетілген екен. Осылардың ішінде өзге ұлт өкілдеріне қатысты әдеп жөніне тоқталғанды жөн көрдім.
Әлемдердің Жаратушысы Алла тағала адамзатты жаратып, өз даналығымен оларды түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөлді.
Исламдағы ұлт ұғымы бірнеше мағынада келген.
Біріншісі: Әш-Шағбу – аймағы мен мәдениеті және тәлә ортақ халық, ұлт;
Екіншісі: Әл-қабиләту – ру, жүз мағынасында келеді;
Үшіншісі: Әл-уммату – рухани және діни сенімі бір, соның арқасында бір-біріне жақын адамдардың тобы, үлкен қоғам үмбет.
Асыл дініміз ешбір ұлтқа бір ұлттың үстінен үстемдікті, бәр нәсілді басқа нәсілден жоғары, бір текті келесі тектен артық қоймайды.
Еліміздің Ата заңында да : «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық, және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған. Әлбетте, әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат бұдан хабардар деп ойлаймын.
Хазіреті Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): Мекке қаласынан Медине қаласына қоныс аударып барған уақытта мұсылмандардың Медина қаласындағы түрлі ұлттар мен өзге дін өкілдерімен бейбіт ғұмыр кешуі үшін «Медина конституциясы» деген құжатты қабылдағаны тарихтан белгілі.
Демек, өз ұлтыңды сүю деген өзге ұлттарды жек көруді білдірмейді. Батыр бабамыз Бауыржан Момшұлы: «Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуі тиіс», деген екен.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:
«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», деп айтқан.
Хакім Абай мұсылманның осындай әділетті ұстанымын өлең жолдарымен өрнектеп:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым, деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, деп айтқан.
«Ынтымақ – елдің ырысы», «Байлық, байлық емес, бірлік –байлық», — деп айтпақшы, бұл айтылған әдептердің барлығы қоғамның берекесі мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын арттыруға үлкен септігін тигізеді.
Тәуелсіз елдің ұрпағы бабалар салған жолмен жүрсе дейміз!

Г.О.Сейтжанова,
ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.