БАҚ-тағы басты мәселелер

Баспасөз бен басқа сөз текетірескен осынау алмағайып шақта біздер – тілшілер, һәм бұқаралық ақпарат құралдары тұтынушымыздың талап тұрғысынан көріне алып жүрміз бе? Қай тұсымыз кемшін соғып, қай жерден мүлт кетіп жатырмыз? Осы орайда аз ғана ой өрбітіп көрсем. Әрине, ол ойымды біреу құптар, біреулері қарсы болар. Бірақ, бұл менің өз пікірім.

Сенсацияның соңы өкінішке соқпасын

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының сорын сорпа етіп жүрген екі нәрсе бар. Оның бірі – тендер, екіншісі – рейтинг. Бұлар бүгінде БАҚ-тың бас ауруына айналған. Неге? Өйткені қаламұшыңнан бастап баспаханаға дейін, микрофоныңнан бастап арна желісіне дейінгі аралықтың бәрі тендер арқылы шешіледі. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс. Ол сенің наның да, әнің де, сәнің де. Өйткені ол – ақша. Жергілікті атқарушы биліктің ақпаратын жариялап, насихатын жүргізу үшін берілетін ақша. Міне, осы ақшаны кез-келген БАҚ, мейлі ол басқа өңірден болсын тендерге қатысып ұтып алады. Өйткені, заң солай. Ал, тендерде тегеурінің мықты, бәсің өзгеден жоғары болу үшін газеттің, болмаса телеарнаның рейтингі мықты болуы керек. Оқырманың, көрерменің неғұрлым көп болса мүмкіндігің де соғұрлым мол. Ал, рейтингің мықты болу үшін БАҚ-тар түрлі тәсілдерге барып жатады. Оқырманын, тыңдарманын қызықтырамыз, тартамыз деп атып кетті, асып кетті, өрт алды, су басты деген сықылды суық хабарларды бірінші кезекке қоямыз. Оған қоса, әлемдік ақпарат та біздің әлеуметтік желіні жаулап алды. Міне, осылардың бәрі елдегі жағымсыз әрекеттерге, әсіресе өзі-өзіне қол жұмсау сияқты қауіпті жағдайларға әкеліп соқтырып жатыр. Жоғарыда аталған негативтер онсыз да тығырыққа тіреліп, жүйкесі жұқарып жүрген адамға қосымша соққы болады емес пе. Біржыныстылар, кісіөлтіргіштер, педофилдер, жан-жануармен жыныстық қатынасқа түсетіндердің бәрін жариялап не таппақпыз? Әрине, сырттан келіп жатқан саяси шабуыл деп те қарауға болады мұны. Онсыз да ат төбеліндей аз ғана халықпыз. Бәз-біреулер қазақ халқының болашағы бұлыңғыр болғанын қалайтын шығар. Рас, сөз еркіндігі, пікір алуандығы, кім не айтады, не жазады оған Қазақстан заңнамасында рұқсат етілген. Десек те шегі болу керек. Өйткені, жаман жаңалық жасөспірімдерге теріс әсерін тигізеді. Бұл – менің жеке пікірім. Әрине, мен тосын хабарларды айтпаңдар деп отырғаным жоқ.

Жалпы, БАҚ деген – ұлтты тәрбиелейтін, бағыт-бағдар беретін құрал. Идеологиялық міндетті мойнына алып отырған сала. Сондықтан, телеарна, баспасөз, сайт бір мезет ойланғандары жөн. Сенсация қуудың төңірегінде тағы бір сауатсыздық жүреді. Қолдағы ақпараттың рас-өтірігін ажыратпай жатып, жариялай беретіні бар бүгінгілердің. Сондықтан, қаперге ала жүретін мәселе жетерлік.

Тізгін – қазақ тілді газетте болсын

Кейбір жиындарда «қазақ газеттерінің бәсі орыс газеттеріне қарағанда төмен» деген сөздерді естиміз. Тіпті, танымал бір ағамыздың: «Қазақстанда журналистика төртінші билік саналады, бірақ орыс журналистикасы ғана. Өйткені, біраз атқамінердің әуелі солардың сауалына иіліп тұратындығын көріп жүрміз…» дегенін де оқығаным бар.

Біз енді-енді ес жиып, тәуелсіздіктің уығын бекітіп жатырмыз. Ендеше, егемендігіміздің еңсесін тіктеп, елге танытар ұлттық БАҚ-қа басымдық беру қажет. Ол үшін Қазақстанда орыс журналистикасы деген әңгіме болмауы керек. Мемлекет біреу. Қазақтың мемлекеті біреу болған соң оның ақпараттық саясаты да біреу болуы керек. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ақпарат саласына қатысты «Қазақстанның ақпарат кеңістігі заман талаптарына сай алға жылжып отыруы керек» деген болатын. Ендеше Ұлттық БАҚ-тың еңсесін тіктеп, мүмкіндігін молайту керек. Мысалы, Қазақстанда қазақ және орыс тілінде бірдей шығатын, республикалық басылымдарды қоспағанда, аудандық, қалалық деңгейдегі газеттер бар. Бұл Хрущёвтің саясаты. Ертеректе сол Хрущёв: «Романовтардың үш жүз жыл жасай алмағанын мен үш-ақ жылда жасадым» деген екен. Сол уақта «біз, Кеңес халқы 1980 жылдары толықтай коммунизмге жетеміз. Сол кезде біз қай тілде сөйлейміз? Әрине, орыс тілінде сөйлейміз. Қаптаған қазақ отырмыз, балаларымыз орыс тілін білмейді, келешекте олардың күн көруі қиын болмақ. Сондықтан, біздің қаламызда, ауданымызда орыс тілінде газет ашуларыңызды өтініп сұраймыз» деген сарында қолдан ұйымдастырылып, Коммунистік партияның орталық комитетіне жер-жерден хаттар жіберілген. Соның негізінде орыс тілінде газеттер ашылды. Оның мұрагерлері әлі күнге дейін шығып жатыр. Осылардан құтылуымыз керек. Қазақстандағы аудандық және қалалық газеттердің негізгі нұсқасы қазақ тілінде шығуы керек те орыс тіліндегісі соның қосымшасы болып қалсын. Тізгін қазақ тіліндегі газеттерде болуы қажет. Бұл әңгіме тек орыс тілі емес, өзге тілді газеттерге де қатысты. Басымдық қазақ тілінде, өзге тіліндегілер қосымша болып, соның қолтығына кіруі керек. Бұл саясат республикалық деңгейге дейін көтерілсе, Тәуелсіз ел ақпаратын тәуелсіздендірудің нақты қадамы болары хақ.

Тілші болу – түбіңнен

Әңгіме журналистер хақында болмақ. Қазір Қазақстандағы тілшілердің саны оның әскерінен көп деген ақпар бар. Яғни, саны жетеді, ал сапасы ше? Бұл өз алдына үлкен әңгіме.

Жалпы, бұрын тілшілерді Қазақ мемлекеттік университеті мен Қарағанды мемлекеттік университетінде ғана оқытатын. Қазір университет көп. Жекеменшігі де бар. Олар да журналист даярлап жатыр. Бірақ саны көп болғанымен, сапасы қандай деген мәселе бәрібір алдымыздан шығады. Осы тұрғыдан келгенде төрт жылдың ішінде студенттерді таза маман ретінде даярлап шығу туралы әңгіме өзінен-өзі өрбиді.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері бізге кейде не хабар жаза алмайтын, не тақырып қоя алмайтын студенттер тәжірибеден өтуге келеді. Қарағайдай дипломын ұстап, журналистпін деп келетіндер де бар. Кінә студенттерде емес, үйрете алмай отырған оқытушыларда. Екіншіден, оны жазуға ешкім машықтамайды. Егер адам жастайынан жазуға қабілетті болса, кейін басқа салада жүрсе де бәрібір жазуға қайтып келер еді. Сол себепті, бұл мамандыққа сөздің парқын түсінетін балаларды тарту керек. Бұрын біз оқыған тұста іріктеу болатын. Шығарма жаздыру арқылы қарым-қабілетімізді, бетпе-бет отырып сұхбаттасудан, сауатты сөйлеуіміз бен дауыс екпінімізді байқайтын. Міне, әуел бастан-ақ кімнің қайда ыңғайы бар сонда, яғни не телевидение, не газет, не радио кафедрасына жіберетін. Қазір қазақ тілі мен әдебиетінен тест тапсырып, екі алмаса жетіп жатыр. Ол жаза ма, жазбай ма бәрібір, журналистикаға қабылдай береді. Сосын оқып жатқан студент көп, ал журналист іздегенде дұрыс жазатын біреуін таппайсың. Студенттің газетке келіп жұмыс істегісі келетіні кемде-кем. Біреуі келсе қуанасың. Бәрінің тележұлдыз болғысы келеді. Болмаса, баспасөз қызметтеріне, жарнама немесе қоғаммен байланыс бөлімдеріне кетеді. Бұның артында өкініш те жатыр. Өйткені, қаншама керемет жазатын бала оқуға түсе алмай далада қалып қояды. Осындайда Білім және ғылым министрлігі әр өңірге, ауданға барып, қанша мұғалім, қанша дәрігер, қанша инженер, қанша журналист қажет деп анықтап отырса болар ма деген де ой келеді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.