БАҚ Тәуелсіздік жылдарында

Әлемдік аренадағы алпауыт мемлекеттер өзінің зор әлеуетін көрсету үшін әуелі бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінеді. Өз нысанасын ақпарат нөпірі арқылы жаулап алуды көздейді. Қорғану үшін де ақпарат қалқанының мықты болуы шарт. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстан – Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы жылдарынан бастап сол БАҚ-тың еркіндігін қамтамасыз етіп келе жатқан мемлекет.

Қоғамдар алмасып, нарықтық экономикалық қатынастар орныға бастаған тұстан бергі уақыттан бастап БАҚ саласындағы өзгерістерді саралаған мамандар ақпарат көздерінің даму сатыларын үш кезеңге бөліп отыр. Біріншісі – жалғыз идеологияның пәрменінде болып келген біртұтас ақпарат жүйесінің ыдырауы және қаржылық, идеялық тоқырауға ұшырауы. Екінші кезең – ақпарат әлемінің мемлекеттік және жекеменшік түрінде қайтадан қалыптасуы, кәсіби баспасөздің құрылуы. Үшінші кезең – еліміздегі экономикалық-әлеуметтік, мәдени реформалардың тереңдеуіне сәйкес әлемдік ақпараттың республиканың эфирлік кеңістігіне енуі және Қазақстанның ғаламдық ақпарат айдынына талпынысымен сипатталуы.

Алғашқы кезеңдердің қиындыққа толы болғаны белгілі. Сол күрделі тұста Тұңғыш Президентіміз жаңа қоғамға ақпараттық берік демеу керектігін ойлап, баспасөздің беделін және ел мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін көтерудің мүмкін жолдарын қарастырды. 1991 жылдан бері қарай ақпарат құралдары туралы заңнама ұдайы жетілдірілумен болды. Елде «Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң қабылданды. Ол елімізде мемлекеттік емес БАҚ-тың пайда болуына және жедел дамуына қолайлы жағдай туғызды. Ақпарат әлемінде бәсекелестік туды. Баспасөз бен эфирлерге жаңа мазмұн берген ірі медиа бірлестіктер өмірге келді. Халықтың ақпарат алу және талдау мүмкіндігі молайды. Енді осы оң үрдісті одан әрі дамытудың құқықтық негіздер қажет бола бастады. Соған орай Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 3 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының біртұтас ақпарат кеңістігін қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойды. 1998 жылдың 3 шілдесінде БАҚ-ты өндірістік және тарату кезіндегі қосымша құн салығынан босату туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасының тапсырмасымен 1999 жыл жаңа заң күшіне енді. Көп ұзамай, 2001 жылы оған елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заңдардың қай-қайсы да БАҚ-ты демократияландыру, әлемдік талаптарға сай жетілдіру және саясаттан тыс дамуына жол ашу үшін барынша тиімді болғанын ерекше атап айту керек. Жалпы, қоғамның өмір сүруін қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ