Бағдар – бағалы, мақсат – айқын
«Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы – аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалық етуімен өткен партияның аудандық филиалының кезектен тыс ХХVІ конференциясында алдағы маңызды саяси науқан – ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы қарсаңындағы партияішілік ұйымдастыру шаралары кең тұрғыда талқыға түсіп, күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша тиісті тұжырымдар жасалды.
Конференцияның ашылуы жария етілген соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалды. Содан кейін конференция делегаттарының өкілеттіктерін бекітуге қатысты мандат комиссиясының төрағасы Гүлнар Ауғанованың хабарламасы тыңдалып, бекітілді.
Алғашқы кезекте партияның аудандық филиалы Саяси кеңесінің Бюро отырысында айқындалған күн тәртібіне сәйкес, «Nur Otan» партиясы Ұлытау аудандық филиалының Сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы» мәселе қарастырылды. Бағдарлама жан-жақты тұрғыда тиянақты әзірленіп, Праймериз 2020 сайтында тіркелген, қосымша инфографикасының өзінен мол мәліметке қанығуға болады. Делегаттар Сайлауалды бағдарламаны бірауыздан мақұлдады.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне және облыстық мәслихатқа үміткерлердің пікірсайыс қорытындысы бойынша кандидаттарға дауыс беру туралы» мәселе негізінде праймериздің екінші кезеңі – Парламент Мәжілісіне және облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер арасында партия филиалы Саяси кеңесінің Бюросы бекіткен тізімге сәйкес, пікірсайыс өткізілді. Соған орай, конференция делегаттары онлайн-форматта жабық түрде дауыс берді. Дауыс беру қорытындысы жария етіліп, тиісінше, рәсімделді.
Бұдан кейін талқыға «Nur Otan» партиясынан Ұлытау аудандық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту туралы» мәселе қойылып, үміткерлер тізімімен аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бегаев таныстырды. Делегаттар ұсынылған құрамға қолдау білдірді.
Күн тәртібіндегі төртінші сұрақ «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс XXXIV конференциясына аудандық партия ұйымынан делегаттар сайлау туралы болды. Жомарт Сәбитұлы делегаттар тізімінің жобасымен таныстырып, ол делегаттар тарапынан толық қолдау тапты.
Конференцияда қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.
Өзінің қорытынды сөзінде Берік Әбдіғалиұлы «Nur Otan» партиясының Ұлытау аудандық сайлауалды штабы құрылғанын, оның төрағасы болып партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бегаев бекітілгенін хабарлады.
Конференция жұмысының түйінінде «Nur Otan» партиясының гимні орындалды.
Ахат Құрмансейітов.