Бұзау болыстан Тоты ғалымға дейін немесе төрт тұяқтан тараған төрт өре

Ұлытау топырағы – тарихты тамырынан тартып сөйлететін қасиетті өңір. Бұл өлкеде ел қамын жеген ерлер де, білімнің биігін бағындырған тұлғалар да аз болған емес. Солардың бірі – түп-тамыры Бұзау Толысбайұлынан бастау алатын, ұрпағы ғылым мен білімге қызмет етіп келе жатқан өнегелі әулет.
Бүгінгі әңгімеміз – осы әулеттің көрнекті өкілі, белгілі ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бұзауова Тоты Мейірбекқызы жөнінде.

Тектен бастау алған тағылым

Өтептің баласы Толысбай заманында аты шыққан ауқатты, шаруасы шалқыған адам болған деседі қариялар. Барымта көбейген аласапыран кезеңде ол: «Құдай маған малымды қорғап, елге қорған болар ұл бер» деп тілеген екен. Тілегі қабыл болып, төрт ұл – Аухау, Бұзау, Тәукебай, Шенеубай өмірге келеді.

Осы төртеудің ішінде Бұзау Толысбайұлы (1861–1917) – ел билеген, әділдігімен атағы шыққан болыс. Бағаналының сары шағыр бұтағынан тарайтын ол 18 және 21 жасында екі рет қатарынан болыстыққа сайланып, жер, жесір дауын әділ шешкен. Ымырт-шамалы кезеңде Қыпшақ, Арғын, Тама, бағаналы рулары арасындағы татулықты сақтауға күш салуы – оның көшелі кісілігін айғақтайды.

Бұзау атамыздың үшінші әйелі Бибайшадан (кей деректе Балбарша) туған Бақия – кейін үлгілі ұрпақ өсірген, елге қадірлі жан. Оның балаларының бірі – Сарысу елінің белгілі ұстазы, қоғам қайраткері Мейірбек Бақияұлы.

Ұстаздар әулеті – ұрпаққа үлгі

Мейірбек Бақияұлы (1950 ж.) – математика ғылымына өмірін арнаған, 45 жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиелеуге сарп еткен ұлағатты ұстаз. Тараз педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін Қаратау қаласында ұстаздық жолын бастап, туған ауыл – Сарысудағы №7 мектепте ұзақ жылдар қызмет етті. Мектеп директоры, оқу ісі меңгерушісі, аудандық маңызы бар қоғамдық шаралардың ұйымдастырушысы болды.
Ол 1980 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар ұйымының жиналысына қатысып, «Ең үздік жас мұғалім» атанды. ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, Ұлытау ауданы мәслихатының депутаты (1999–2003). Қаншама марапат пен мадақтаулар – оның білім саласына сіңірген еңбегінің куәсі.
Оның зайыбы Жусанбаева Сейсекүл де – өмірін математика пәнін оқытуға арнаған тәжірибелі ұстаз. 37 жылдық еңбек өтілі бар, «Күміс алқа» иегері, алты баланың анасы, сан шәкірттің жүрегінен орын алған аяулы педагог. Міне, осындай текті әулеттен Тоты Мейірбекқызының еңбекқор, табанды, ілімге құштар болып өсуі –. заңдылық.

Балалық жылдар мен қалыптасу кезеңі

Тоты Мейірбекқызы қазіргі Ұлытау облысы, Сарысу ауылында дүниеге келді. Әке-шешесінің ұстаздық жолын көріп өскен оның бойында жауапкершілік пен елге қызмет ету рухы ерте қалыптасты.
Сарысу мектебінде оқыған жылдары-ақ, ол қатарластарына жетекші болып, пионерлер ұйымының төрайымы қызметін атқарды. Майдангер қарияларға көмектесу, ауылдағы қоғамдық шараларға атсалысу – оның азаматтық тұлғасының алғашқы белгілері еді. Мектепті 1994 жылы үздік аттестатпен аяқтауы – сол еңбектің нәтижесі.
1994 жылы Тоты армандаған мамандық жолында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «Машина жасау технологиясы» мамандығына қабылданды. Бұл – ел экономикасы күйзеліп, жоғары оқу орындары жылусыз, жатақханалар жабылып, шәкіртақы уақытында берілмей тұрған алмағайып заман.
Бірақ Тоты Мейірбекқызы мойымады. Қиындықты еңсеріп, 1999 жылы университетті ойдағыдай тәмамдады. Кейін бұл табандылық оның ғылым жолында да биік белестерді бағындыруына негіз болды.

Ұстаздық пен зерттеушілік қатар
өрілген өмір

Өзінің еңбек жолын 2000 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде ассистент қызметінен бастады. Кейін аға оқытушы, кафедра меңгерушісінің орынбасары ретінде кәсіби тәжірибесін жүйелі қалыптастырды.
2004 жылдан бастап Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде (қазіргі ҚарУ) «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасында қызмет етуде. 2019 жылы осы кафедраның профессоры атанды.
2010 жылы «Тау-кен машиналары» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, 2011 жылы техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Ал, 2019 жылы «Машина жасау және машинатану» саласы бойынша қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілді.
Тоты Мейірбекқызы – өнімді зерттеуші. Оның 180-нен аса ғылыми мақаласы, 14 патент, 15 интеллектуалдық авторлық куәлік, 77 оқу құралы, бірнеше монография, БҒМ бекіткен оқулықтары бар. Бұл – бір адамның ғұмырлық еңбегіне жүк боларлық ауқымды жұмыс. 2020 жылы республика бойынша 623 профессор қатысқан байқауда ол «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленіп, еңбегінің ел мойындаған биік шыңына шықты.

Отбасы – тірек, арманы – биік

Тоты Мейірбекқызы – ғылымның ғана емес, отбасының да жауапкершілігін қатар арқалаған жан. Жолдасы Әбішев Ерік Қалмағанбетұлы – Жезқазған өңірінен шыққан тәжірибелі құтқарушы, қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы Төтенше құтқару комитетінде қызмет етеді. Әр кезде адам өмірін арашалауға дайын тұратын оның кәсібі – ерлікпен пара-пар. Ұлдары Әбішев Олжас – Қарағандыдағы Инновация колледжінің студенті. Анасының ғылымға деген құштарлығы, әкесінің ерлігі – оның да өмірлік бағытын анықтайтын құндылықтар болмақ.
Бұл әулет туралы сөз қозғалғанда Мейірбек Бақияұлының әкесі, Тотының атасы туралы айтылған бір оқиға ежелгі қазақы адалдықтың жарқын көрінісіндей.
Сарысу кеңшарында пошташы болып жүргенде, ұшақпен бірге келген поштаның ішінде бір ауылдың айлығы салынған қапшық қателесіп қалдырылады. Біреудің тиынына да қол салмаған ақсақал оны сол күйі қайта тапсырған. Ұшқыштардың риза болғаны сондай, бұл іс ел ішінде көп уақыт айтыла жүрді. Бұл – әулет бойындағы тазалық пен адалдықтың айқын белгісі. Бұзау Толысбайұлынан бастау алған текті әулет ХХІ ғасырда да елге қызмет етуді жалғастырып келеді. Тоты Мейірбекқызы – сол шежіренің жаңа буындағы жарқын өкілі. Оның табандылығы, ғылымға деген адалдығы, ұстаздыққа деген құрметі – талай жасқа үлгі. Өткеннен өріс алған әулет, бүгінгі биікке білім мен еңбек арқылы жетті. Бұл – Ұлытау өлкесінің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.