Бәрі де – балалар үшін
Ұлытау ауданында 1 маусым күні балаларға арналған көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтіледі. Бұл мейрам биыл да өзіндік ерекшеліктерімен бүлдіршіндердің есінде қалатын болады.
Аудандық білім бөлімінің мәлімдеуінше, биылғы іс-шаралар «Бақытты бала – бақытты ел» тақырыбымен өтеді. Оның шымылдығы «Отбасында өмір сүру бақыты» деген блокпен ашылмақ. Аталмыш блок баланың отбасында өмір сүру құқығын іске асыру, отбасы институтын нығайту, отбасылық құндылықтарды сақтау және дамыту тәсілі ретінде отбасы мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіруді мақсат еткен. Осы мақсатта «Мейірімді жүрек» іс-шарасы аясында патронаттық тәрбиешілермен, қабылдап алушы отбасылармен қашықтықтан кездесу ұйымдастырылмақшы.«Бала – бақыт, көп бала – одан да көп бақыт» деп аталатын бақытты, көпбалалы отбасылар туралы бейнероликтер көрсетілімі, «Бір отбасы – бір мемлекет» отбасылық спорт жарысы, «Бақытты бала» отбасылық көркемөнер байқауларын өткізу де – осы блоктың еншісінде. Олардың бірі онлайн форматта өтсе, енді бірі санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі түрде өткізілмек.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында оқушыларға кәсіби бағдар беру бағытында кездесу, қоғамдық орындарда нормалар мен мінез-құлық ережелерін түсіндіру мақсатында пполиция бөлімі инспекторларының мектеп парламенттері президенттерімен кездесуін ұйымдастыру, ұлттық мәдени орталықтарға экскурсия жасау, «Өнегелі өмір» жобасы аясында белгілі өнер тарландарымен онлайн кездесу өткізу жоспарланған.
Бұл күні танымдық шаралардан бөлек, бала жанына жақын ойын-сауыққа да кеңінен орын берілмекші. Мәселен, балалардың сурет көрмелері, граффитті конкурстар, асфальтқа сурет салу жеткіншектерді бей-жай қалдырмасы анық.
Ал, «Мейірімділік – балаларға» блогында кәсіпкерлерді қатыстыра отырып, әртүрлі әлеуметтік топтағы балаларға сыйлықтар, тәттілер тарату, әлеуметтік осал топтардағы балалар үшін қайырымдылық шараларын жасау бүлдіршіндердің есінде мәңгі қалары анық.
Естен кетпес шаралардың енді бірі – «Спорт әлемінде» блогы. Сол арқылы ауданның барлық өңірлерінде, спорт алаңдары мен балалар ойын алаңдарында өтетін түрлі спорттық ойындар, қызықты конкурстар, отбасылық спорттық-эстафеталық сайыстар өз қатысушылары мен жанкүйерлерін күтетін болады.
Жоспарлы жұмыстар «Қауіпсіз жаз — 2021» және «Бала құқығы» тақырыбында «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны аясындағы іс-шаралар желісімен түйінделеді.