Бұл сайлаудың бітімі бөлектеу…

2021 жылдың басты оқиғаларының бірі де бірегейі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауы. «Басты оқиғаның бірі де бірегейі» деп бедерлеп отырғанымыз да бекер емес. Өйткені бұл сайлаудың бітімі бұған дейінгі өткен сайлаулардан бөлектеу…

«Ол несімен ерекшеленіп тұр?» деген заңды сауалдың да туындары анық осы жерде. Оның бірнеше ерекшелігі бар. Біріншісі, сайлау конституциялық мерзімге сай, үстіміздегі жылдың 10 қаңтарында өтетін болды. Бұл, негізі, еліміздің саяси өмірінде болатын конституциялық кезекті оқиға. Дегенмен, осы жолы өтетін Парламент сайлауының жаңалықтары барлық қазақстандықтың ризашылық сезімін, алдағы күнге сенімін арттырады деп ойлаймын. Жыл өткен сайын Тәуелсіз еліміздегі демократиялық үрдістер іргесі беки түсуде. Мұның өзі қоғамдық сананың дамып, азаматтық сананың өскенін көрсетеді. Бір ғана мысал, биыл елімізде бірінші рет «Nur Otan» партиясының партияішілік іріктеуі – праймериз өтті. Бұл жай қоғам үшін жағымды жаңалық болды деп айта аламыз. Оған қоғамда белсенді, табысты еңбек етіп жүрген, өзінің өмірлік тәжірибесі, көзқарасы қалыптасқан көптеген тұлға қатысып, бағдарламаларын ұсынды. Оның арасында талантты, белсенді жастар да аз емес. Бұл – қоғамның сайлауға үлкен дайындықпен келіп отырғанының көрсеткіші.

Екінші ерекшелік, сайлау науқанына дейін елде саяси жаңғыру, көппартиялылықты дамыту, қоғамдық-саяси өмірге азаматтардың белсенді қатысу аясын кеңейту бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Осыған дейінгі қабылданған заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы енді Парламент Мәжілісі комитеттерінің басшылық құрамына парламенттік оппозиция депутаттарының енгізілуі қарастырылатын болды. Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия барысында кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқын иеленеді. Бұл өзгерістер ел экономикасының, әлеуметтік саланың дамуына, халықтың тұрмысының жақсаруына әсер етері сөзсіз.

Үшінші ерекшелік – алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаның белгіленуі. Талантты жастарды, іскер әйелдерді Парламентпен қатар жергілікті сайланбалы органдарға тарту бұрыннан айтылушы еді. Міне, соған қол жетті, оның тиімді болары анық.

Жергілікті мәслихаттар депутаттарының құрамы партиялық тізіммен белгілетіні – әлемдік тәжірибеге сай келетін жетістіктердің бірі. Партиялар қызметі белсенділігінің артуы елдің экономикалық-әлеуметтік дамуының тұма көзіне айналуы тиіс.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,

Ұлытау ауданының

Құрметті азаматы.