БҮЙРЕК ДЕРТІ ДЕНДЕМЕСІН ДЕСЕК…
Созылмалы бүйрек ауруына душар болған науқастардың қатары жыл өткен сайын артуда. Осыдан екі жыл бұрын гемодиализ арқылы ем алатындардың саны алпысқа жуықтаса, қазір облыста 84 тұрғын «жасанды бүйрек» аппаратына тәуелді. Яғни олардың бүйрегі өз жұмысын атқара алмағандықтан, ағзаға жиналған улы заттарды ақ халаттылар жасанды жолмен шығарады.
Бүгінде Ұлытау облысында гемодиализ емшарасын жүргізетін 4 медициналық мекеме әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорымен 383 млн 849 мың теңгеге шарт жасасқан. Осылайша, 2023 жылдың 6 айында бүйрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге көрсетілген 5984 гемодиализ процедурасы үшін Қор 214 млн теңгеден астам қаражат аударды.
Ауыр дертін жеңбесе де гемодиализ емшараның арқасында толыққанды өмір сүру мүмкіндігіне ие болғандардың бірі – Нескен Хасенова. 2012 жылы есепке алынған науқас аптасына 3 мәрте гемодиализ орталығына келеді.
– Дәрігер алдын-ала хабардар етеді, уақытын белгілейді. Емшара 4 сағатқа созылады. Диализден басқа, айына екі рет тест тапсырамын, үнемі УДЗ, кардио диагностикадан өтемін, дәрі-дәрмек аламын. Барлығы –уақытылы, жеткілікті көлемде. Ертеректе «емім бар» деп жол жүруден қашқақтасам, қазір өлік пен тірліктен қалмаймын. Себебі, әр қалада, тіпті ауданда гемодиализ орталықтары ашылған, – деп емнің қолжетімділігін тілге тиек еткен Нескен апай орталық мамандарына да дән риза.
Бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы бар пациенттерге қымбат тұратын гемодиализ сеанстары мен басқа да ілеспе ем-домның бәрі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне аясында көрсетіледі. Яғни, осы ауру шеңберінде кез келген тұрғын медициналық қызметті МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін ала алады.
Батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кеселдің қай-қайсысы болсын оңай емес. Дегенмен, нефрологтардың пайымдауынша бүйрек аурулары бүгінде қатерлілігі жағынан обыр, өкпе, қант диабеті ауруларымен қатар тұр.
– Бүйрек артериялық қан қысымын реттейді, гемоглобин синтездейді, су және липидтер алмасуына, қышқыл-сілті тепе-теңдігіне жауапты, иммундық жүйенің кейбір функцияларын атқарады. Сондықтан бүйректегі қандай да бір қалыпсыздықтың бүкіл ағзаға әсері бар. Аурудың алдын алу үшін міндетті түрде үнемі су ішіп жүру қажет. Сондай-ақ судың сапасына да мән берген жөн. Бүйрек жұмысына салмақ түсірмеу үшін суды кешкі сағат 19.00-ге дейін ғана ішу керек. Жасы қырықтан асқандар қан қысымын жиі өлшеп, бақылаулары қажет. Ал жасы 35-тен асқан әрбір жан жылына бір рет қанындағы қант мөлшерін біліп тұрғаны абзал. Сонымен қатар қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін тексеріп отыруды да ұмытпау қажет. Күнделікті рационға зәйтүн майын қосып, көкөністер мен жеміс-жидекті көбірек тұтынып, қызыл етті азайтып, оның орнына құс етін көбейту керек, – деп біздің оқырмандарға кеңес берген Жезқазған медициналық орталығының нефрологы Жасұлан Искаков бүйрекке сонымен қатар аса көп алкоголь, никотин, калориясы жоғары тағамдар, қимыл-қозғалыстың аздығы да ауыр тиетінін ескертті.
Диана ОРАЗАЛИНА.