Бүгін – Ұлттық басылым күні

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала қызметкерлерін атаулы күнмен құттықтады.

«Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Себебі дәл осы күні Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Өткен жылы Үкімет қаулысымен 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілуінің өзіндік символдық мәні бар деп білеміз.

 

Ұлт мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газеті болашаққа деген ұлы мұрат жолында барша халықтың басын біріктірді. Ұлттық бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсетіп, қазақ қоғамынның рухани кемелденуіне айрықша ықпал етті. Мемлекет басшысы «Отандық баспасөз еліміздің тұтастығы мен татулығын нығайту жолында елеулі рөл атқарады» деп атап өткеніндей, баспасөз қашан да ұлттың үні, мемлекеттігіміздің тұғыры іспетті», — деді министр.

1991 жылы елімізде тек 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп,  21 теле  және радиоарна эфирге шықса, 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген, оның 3 985 – і мерзімді баспасөз басылымы, 212-і телеарна, 90-ы радио, 1 222-і ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар.