Бүгін – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні
Қолданыстағы қазіргі Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ол 9 тарау және 98 баптан тұрады.
Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы және одан кейін 1937, 1978, 1993, 1995 жылдары жазбаша түрде қабылданды.
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол 4 бөлім, 21 тарау, 131 бап пен өтпелі кезең ережелерінен тұрды. Оған дейін Қазақстанда 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясы қолданысты болды.
Конституция күні – барлық қазақстандық үшін қасиетті мереке. Әрбір Қазақстан азаматы Тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағын көкке көтеру үшін Конституцияны құрметтегені жөн. Халықтың еркі көрініс тапқан бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді.