Азаттық алғышартындай…

Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл толып отыр. Осыған орай, аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы ғимаратының конференция залында, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ауданымыздағы Желтоқсан оқиғасына қатысқандармен кездесу өтті.

Аталмыш шараны аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек ашып, жүргізіп отырды. Алдымен, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасы, аудан әкімі Советбек Медебаев жиналғандарды Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, марапаттау рәсімін жасады. Аудан басшысы Желтоқсан оқиғасының куәгерлері Дүйсенбек Байболов, Мағауия Омаров, Нұрсұлу Райымоваға құттықтау хаттар мен арнайы сый-сияпаттар табыс етті.

Бұдан кейін аудандық мәслихат хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков жылы лебіздерін білдіріп, жиналғандарды мерекелерімен құттықтады.

Кездесу барысында Желтоқсан оқиғасының куәгерлері бастарынан өткерген жағдайларды кеңірек әңгімелеп берді.

Жасұлан АЯШЕВ