Азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында прокуратураға жүгіну тәртібін түсіндіру
Жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын жан-жақты, сапалы қарау, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру прокурорлар жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады.
«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының қабылдануына байланысты прокурорлардың жолданымдарды қарау негіздерінің нақты тізбесі айқындалды.
Прокурордың дауға араласуын болдырмайтын, нақты уәкілетті органдардың жолданымдарды қарау қажеттілігі, қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратура органдарының өзге де мемлекеттік органдардың функцияларын алмастырмауын «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 5-бабы 4-тармағының талаптарымен көзделген.
Аталған заңға сәйкес прокуратура органдары келесі жолданымдарды қарайды:
• өзін қорғай алмайтын адамдардың (физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларына және басқа жағдайларға байланысты өз құқықтарын қорғауды дербес жүзеге асыра алмайтын), шектеусіз адамдар мен кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін;
• Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерді болғызбау мақсатында;
• заңдылықты бұзу фактілері бойынша оларды жоймау адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын;
• Қазақстан Республикасы Президентінің және Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша.
Жоғарыда көрсетілген санаттардан басқа, егер адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау құзыретіне кіретін, уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не уәкілетті орган болмаған кезде прокуратура органдарымен жолданымдар қаралады.
Сондай-ақ, Азаматтық процессуалдық кодекске сәйкес прокурорлар мемлекет пен қоғамның, өз құқықтарын өз бетінше қорғауға қабілетсіз адамдардың мүдделері қозғалған жағдайларда, сондай-ақ заңда белгіленген немесе прокурордың қатысу қажеттілігін сот мойындаған жағдайларда ғана сот шешімдеріне шағымдарды қарауға өкілетті.
Өз кезегінде, жеке-құқықтық даулар бойынша дауласушы тараптар сот актілеріне сотқа дербес шағымдануға тиіс.
Сондықтан, егер жолданымдар көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда азаматтар мен заңды тұлғалар өз құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгінуі керек.
Бұл талаптар қарау тәртібі қылмыстық-процессуалдық, азаматтық- процессуалдық кодекспен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамамен, сондай-ақ жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметі саласында белгіленген жолданымдарға қолданылмайды.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды білу жолданым берушілерге қажетті адресатқа дереу жүгінуге мүмкіндік береді, яғни мәселелерін шешуді жеделдетеді.