Азамат КАРЕНОВ, Ұлытау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы: «Ұлт рухы – ұрпақ жадында»

Қазақ халқының рухани байлығы – салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық болмыс-бітімі. Бүгінде осы қастерлі құндылықтарды ұрпақ жадында жаңғырту, жас отбасылар арасында дәріптеу бағытында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі бастамалар қолға алынып келеді. Солардың бірі – алдағы 30 маусым күні өтетін «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты ұлттық-этнографиялық сайыс. Осы орайда байқаудың негізгі мақсаты мен ерекшеліктері туралы Ұлытау ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат КАРЕНОВТЕН сұрап білдік.

– Азамат Ермағанбетұлы, бұл сайыстың негізгі идеясы неден туындады?
– Ұлттың ұлы мұраты – ұрпақ сабақтастығын үзбеу. Бүгінде технология дамыған заманда отбасы ішіндегі ұлттық тәрбиенің маңызы ерекше болып отыр. Біз «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты бұл байқауды ұйымдастыру арқылы жас отбасылар арасында қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртып, отбасы институтының мәртебесін көтеруді мақсат еттік. Мұндай шаралар бір мезеттік емес, ұрпақтың болашағына тікелей әсер ететін рухани инвестиция деп ойлаймын.
– Сайыстың мазмұнына тоқталып өтсеңіз. Қатысушыларды не күтіп тұр?
– Бұл тек байқау ғана емес, бұл – нағыз ұлттық мереке. Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түседі. Алғашқысы – «Өзін-өзі таныстыру», мұнда әр отбасы өздерін шығармашылық түрде таныстырады. Бұл – қара өлең, сахналық көрініс, ән арқылы болуы мүмкін. Екінші кезең – «Он саусағынан өнер тамған», мұнда ері мен зайыбының қолөнер мен ас дайындаудағы шеберліктері бағаланады. Үшінші, ең ауқымды кезең – «Өнер, білім бар жұрттар», мұнда зияткерлік сайыс пен өнер көрсетілімі болады. Бұл кезең қатысушы отбасылардың білімін, ой-өрісін, ұлттық дүниетанымын көрсетеді.
– Қатысу шарттары қандай? Кімдер қатыса алады?
– Байқауға шаңырақ көтергеніне 1 жылдан 10 жылға дейінгі аралықтағы жас отбасылар қатыса алады. Қатысу тегін, бірақ қатысушылар саны шектеулі – кемінде 6 отбасы қатысуы тиіс. Қазір тіркеу жүріп жатыр, 20 маусымға дейін қабылдаймыз. Өтінішті +7 777 048 41 84 нөмірі арқылы жолдауға болады.
– Қатысушылар үшін жүлде қоры қандай?
– Бұл байқау тек рухани тәжірибе емес, сонымен қатар материалдық тұрғыдан да ынталандырылады. Жүлде қоры – 800 000 теңге. Жеңімпаздар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болады.
Сондай-ақ, көрермендерге де арнайы танымдық ойындар мен жүлделер қарастырылған.
– Сайыстың ұзақ мерзімді мақсаты қандай? Бұл бір реттік шара ма, әлде дәстүрлі форматқа айнала ма?
– Әрине, біз бұл жобаны жыл сайынғы дәстүрлі байқау ретінде қалыптастырғымыз келеді. Себебі отбасы құндылықтарын дәріптеу – тек бір күндік шарамен шектелмейді. Біздің мақсат – жас отбасылардың ұлттық сана-сезімін арттырып, оларды қоғамдық өмірге белсенді араластыру. Сонымен қатар, ауданымыздың мәдени руханиятын дамыту – ішкі саясат бөлімінің басым бағыттарының бірі.
– Соңғы сұрақ, аудан жұртшылығына не айтасыз?
– Барша аудан тұрғындарын 30 маусым күні сағат 11.00-де өтетін байқауға шақырамын. Ұлытау аудандық Мәдениет үйінде өтетін бұл шара – тек қатысушылар үшін емес, көрермендер үшін де ерекше рухани кеш болмақ. Бірге күліп, бірге толғанып, ұлттың ұлы мұраларын бірге ұлықтайық!
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.