АЗАМАТ ЕДІ АРДАҚТЫ
Көбейсін Еңсебаев өлімге қимайтын, бір шеңберге сыймайтын, бақилық болғаны кімнің де болсын жанын қинайтын абзал азамат еді. Ол республикаға белгілі, аса дарынды, қаламы қарымды, шабыты арынды, журналистика саласының халықтың ыстық ықыласына бөленген қажымайтын қара нары болды. Жетпістің соңғы «баспалдағын» басып, сексеннің сеңгіріне шығуға бір қадам қалғанда өмірдегі орнын ойсыратып, ортамыздан алып кетті.
Көбейсін 1973 жылы Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» (қазіргі «Ұлытау») газетінің редакторы болып келіп, екі-үш жылдай бірге қызмет атқардық. Терең білімді, ой өрісі кең, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген нағыз қазақ азаматы еді. Баталы адам көп жасаса, Көбейсін көп жасар еді…
Сұм ажал кімдерді алмаған, ел басқарған хандарды да, данышпан, даналарды да, алыпты тапқан асыл аналарды да, баһадүр батырларды да жалмаған. Бұл фәниге келген пенделер ажалдан құтыла алмаған. 124 000 пайғамбар, 33 мың сахаба, 99 машайық біреуі тірі қалмаған. Ажалдан қалған бар ма адам?! Көбейсін де өтті өмірден, еңбегін елге арнаған.
Марқұмның алды жарық, арты қайырлы болсын!
Көбейсіннің есімі ел есінен қалмайды, ісін ұрпақтары жалғайды.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.