ҚАЗАҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІ: тамыры мен көкжиегі

Біздің құқықтық мәдениеттің тамыры тым тереңде, көкжиегі аса кең. Бұл құбылыс мыңжылдықтарды көктеп өтіп, табиғи жолмен сұрыпталып, дамып, осы күнге дейін жетіп отыр. Қазақы құқық төрелігінің көріністерін кез келген саладан кездестіруге болады.

Бұл құбылыстың бір ғажабы мен бір қасіреті бар. Ғажабы сол – билік айту, төрелік жасау біздің күнделікті өмірімізге сіңіп кеткен. Билік, төрелік дәстүрі әрбір көзі ашық қазақтың қанында бар. Көшпелі өмір салтына сай ұлан-байтақ кеңістікте айнала ортамен ашық та еркін араласу қажеттігі қазақ баласының жадының мықты, көкірегінің қазына болуына ықпал етті. Сергек сана, елгезек қимыл – сайын далада өмір сүрудің қажетті шарттарының бірі болатын. Жырауы мен жыршысы үзілмеген қазақ ортасы құйма құлақ тыңдаушыға да кенде болмаған. Әр сөзі нақылмен, мақал-мәтелмен өрілетін ақсақалдардың тізесіне басын қойып жататын немерелер үшін ондай орта таптырмас мектеп еді. Ес білгеннен атасы мен әжесінің қолынан ұстап, таяғы мен құманын әперіп, еріп жүретін балалар жастайынан-ақ шешендік өнердің кәусарына қанып өсетін. Күндердің күнінде солар билік айтып төрде отыратын.

Ағаш үйлі, керегесі кең қазақ «үй артында кісі бар» деген ұстанымынан айнымай, бөтен мен бөгдеден бұрын қызы мен келінінен қысылып, ұлы мен ұлығынан ұялып, ешқашан жаман сөз, қату сөз айтпайтын. Шаңырақ түндігі ашық, жабығы жұқа жұрт әдепті алға қоятын. «Қызға қырық үйден тыю», «Ұлың ер жетсе, қызы қылықтымен іргелес бол, қызың бой жетсе, ұлы ұлағаттымен қоңсы қон», «Өзіңе өзің берік бол, қонысыңды ұры тұтпа», «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін ел сөздің қуат-күшіне, ұрпақ тәрбиесіне зор мән беретін.

Көш-керуені сәнді, салтанатты ел едік. Өзара енші бөліспей, қонақ құқығын қатты құрметтейтін жұрт едік. Арнайы қонақ үйі жоқ, олай-бұлай сабылған жолаушының атын белдеуге байлап, өзін төріне шығарып күтетін адамдардың мейманнан сұрайтыны қонақкәде болатын. Ол ән мен күй, жыр мен дастан ғана емес, тартымды әңгіме, ғибратты хикаят болуы да мүмкін. Нөкерлерін ертіп, сән-салтанатымен ауыл шетіне келіп, аттан түспей, ауыл жастарынан ерекше құрмет күтетін, содан соң өз өнерлерін паш ететін сал-серілер бір бөлек.

Міне, осы салт-дәстүр көптің көзін ашып, көкірегін оятып, рухани қамбаны толтыра беретін. «Ел іші – өнер кеніші» деп өскен жұрттың фольклоры 150 томдық қазына болып бүгінде кітапханалардың сөресінде сықап тұр. Бұл бір кезде мұхиттай тұңғиық тылсымнан сұрыпталып, сарқылып, суалып барып қалғаны. Соның өзі – телегей теңіз. Алдыңғы жүзжылдықтарда халық басынан өткен небір аласапыран, тауқыметті оқиғаларды былай қойып, ХХ ғасырдың қуғын-сүргіндері мен зарлы зұлматтарын ғана ескерсек, бұл мұраның қаншалықты болуы тиіс екендігін болжауға болады.

Көшпелі жұрттың әр күні сән-салтанатқа толы болды, әр қонағы құтты болды деп өткен заманды идеалды бейнелеуден аулақпыз. Дегенмен қазақ ортасының көзі ашық, құлағы түрік, көкірегі ояу болғаны анық. Байтақ кеңістікке мыңғырған малын сыйғыза алмай, меридиандарды бойлай көшіп-қонып жүретін елдің ұл-қызы ерекше ширақ, өзгеше зерек болатын. Ұлы көштер ел танудың, жер танудың ұлы мектебі еді. Ен дала, Көкте күлімдеген Күн, түнгі аспанда жымыңдаған сансыз жұлдыз олардың қиялына қанат бітіретін, жадын ширататын. Көшпелі елде тұрақты кітапхана, орнықты мәдениеет үйі болған жоқ. Бірақ қазақтың жазда көшпелі, қыста орнықты тұрмыс салты ұдайы қозғалыс заңына бағынатын. Ақселеу Сейдімбек айтқандай, қазақтың тұрмысы мен өнері тұтасып, біте қайнасып кеткен. Кітапханасы – көкірегі қазына қарттары, мәдениет үйі – сал-серілік салты, мектебі – ақындары мен жырау-жыршылары болған елдің рухани өзегі мықты еді. Қазақ балаларының жадының мықтылығы, санасының сергектігі, зейінінің зеректігі Ресей және Батыс елдері зерттеушілерінің назарын ерекше аудартқаны мәлім. Олар мұны арнайы жазып кеткен.

Сол рухани өзектің ажырамас бөлігі құқықтық мәдениет болатын. Ел болған соң телі-тентексіз, дау-дамайсыз болмай тұрмайды. Жаугершілік кездерде жер дауы мен жесір дауы жиі көрініс беретін, ердің құны сұралатын. Бейбіт кездің өзінде ұры-қарысы да, барымташы-қарымташысы да кездесіп отыратын. Осы дауларды билер төбе басында алқа-қотан отырып ашық шешетін. Билердің төрелігі көбіне жабық сарайларда емес, ашық алаңдарда айтылатын. Есті сөзге мән беруге, төре сөзді құлаққа сіңіруге құлықты балалар мен бозбалалар ақсақалдар мен билердің жұмсағанына елгезектік танытып, қастарынан шықпайтын. Ол кездің үйренуі мен оқуы, тағылымдамасы мен тәжірибесі күнделікті жүзеге асып жататын. Ықыласы бар жасөспірім көргені мен естігенін көкірегіне берік тоқитын. Содан соң өздері өсе келе жоғарыда айтқандай билікке қол жеткізетін.

Бұл суреттер біздің көз алдымызға қайдан келді? Тарихи көркем әдебиеттен оқыған-тоқығанымыздан, көргенімізден, білгенімізден, тылсым сырларды түйсікпен сезгенімізден. Билік айту, төрелік жасау – қазақтың әр баласының бойына біткен қасиет.

Академик Салық Зиманов қазақ құқығының халықтың жалпы рухани мұрасымен байланысын жіті таныған. Осы тұрғыдан келгенде заңгер мамандығын таңдаған жастарға көркем әдебиетті, оның ішінде поэзияны назарда ұстау, соларды терең игеру – аса маңызды.

Қазақтың көбі білім мен ғылымды әуелі ғылыми трактаттардан емес, тарихи көркем әдебиеттен алады. Көркем сөз, бейнелі сөз жадына мықтап қонады. Атақты ғалым Ақжан Машани де жаратылыстанымдық ғылымдарды жұртқа кеңірек тарату үшін ғылыми-фантастика мен тарихи әпсана жанрларын кең қолданған. Салық Зиманов өзінің зерттеулерінде осы дәстүрлі үдерісті байқап, өзінің тарихи-танымдық, ғылыми-зерттеушілік еңбектерінде атап кеткен. Ол тарихи көркем әдебиеттегі қазақтың әділ соты мен билер образына арнайы тоқталған. Бұл тұрғыда алдымен ауызға алынып, қаламға ілігері –  Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы, содан соң Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Қазақ жазушыларының ішінде осы тақырыпты айналып өткені жоққа тән. Жазушылар шығармаларындағы ойлар мен фрагменттер «Қазақтың ата заңдары» онтомдығының екінші томына жинақталған. Онда сексеннен аса бидің шешендігі, әділ төрелігі, өмірлік өнегесі, терең ойлары мен ғибратты да тұспалды сөздері келтірілген баяндар бар. Бұл мұра – желе жортып, үстірт шолып шығуға еш төзбейтін дүние. Қазақ құқығы, қазақтың дәстүрлі жолы – дара, кең даңғыл. Онда өзіндік ерекше соқпағы мен сүрлеуін салып кеткен, сөйтіп, халықтың тарихи жадында қалған жүздеген қайраткер бар.

Бұл онтомдыққа өмірі мен билік үлгілері енбеген билер мен шешендер қаншама! Олардың көбі қазақ фольклоры мен тарихына қатысты жекелеген еңбектерде хатталған. Әлі де баспа жүзін көрмей, түрлі мұрағаттарда шаң басып жатқандары да жетерлік. Сондай-ақ әлі күнге дейін ешбір тіркеуге алынбай, жеке қорларда жатқан, тіпті, ауызекі айтылып, жұртқа тарап қағазға терушісін таба алмай жүргендері де баршылық. Оның үстіне ұдайы қозғалыстағы өмір толқыны қазақы құқықтың өмір сүруінің жаңа үлгілерін үнемі жарыққа шығарып отырады. Адвокатура, прокуратура органдарында қызмет істеген кезде, одан кейінгі ғылыми-педагогикалық қызмет барысында да мұндай оқиғалардың талайына куә  болдық, өз тарапымыздан шамамыз келгенше үлес қостық. Халық арасында салт-дәстүрден аттамау, бітімге келу, аталы сөзге тоқтам беру, тоқтау мәдениеті сақталған.

Дегенмен, қазақ мәдениетінде құқықтық қағидат, не ереже қызметін атқаратын нақыл сөздердің үйреншікті мәнімен қатар, көпшілік назар аудармайтын астарын ескеру қажет. Қазақ құқығына қатысты материалдар ұшан-теңіз. Олар мұрағаттар қорында сақталған, түрлі бағыттағы басылымдарда жарық көрген, жүйеленгені де, жүйеленбегені де кездеседі. Шынайы өмірдің өзі небір жаңа материалдарды назарға ұсынуда. Сондықтан қазақ құқықтық мәдениетіне тек тарихи-танымдық тұрғыдан қарау біржақты болмақ. Оны болған, бар және әлі де өмір сүріп келе жатқан жанды құбылыс ретінде және бүгінгі күннің талаптары мен сұраныстары тұрғысынан зерттеу керек.

Енді қазақ құқық мәдениетінің қасіретті қырына сәл тоқталайық. Қазақ қоғамы патшалық Ресейдің отарлауынан кейін Советтік биліктің құрсауына шырмалды. Билер институты түрлі амалдармен де, тікелей күшпен де тарихи сахнадан қуылды. Есті сөздің естияр өкілдері ашық қуғындалды. Қамалды, айдалды, атылды. Есті сөзді айту да, есту де заңнан тыс саналды. Біртіндеп халықтың жады тарылды, семді, өшті.

Ежелден қалыптасып, еленіп, екшелген нақыл сөздердің, асыл тұжырымдардың мән-мағынасы көмескіленді. Бұқараның келесі буын өкілдері оларды өз халқының құқық мәдениетінің жәдігерлері деп емес, күнделікті ауызекі айтыла беретін жай ғана сөздер деп білді. Солай таныды, солай қабылдады. Өйткені олардың әлеуметтік функциясының аясы қусырылды. Бұл сөздер билік төрінен босағаға ысырылды. Билікке, бітімге, шешімге негіз болудан қалды. Кешегі өткен заманда абыздар мен ақсақалдар, билер мен төрелер айтатын сөзді қаймана қазақ, қатын-қалаш, бала-шаға айтатын болды.

Күнделікті айтыла берген соң әлеуметтік әсері, қарекеттік ықпалы азайып, қастерлі сөздің қадірі қашты. Бұл әрине, қасірет еді. Сөз қадірін білер, терең түсінер билер абайлап ауызға алатын, шым-шымдап қана жұмсайтын қастерлі қазына «қолдан қолға» өтті. Ауыз әдебиетінің жәдігері ретінде архивтерде шаң басты.

Дуалы ауыздан дауа болып тарайтын ділмәр сөздер құдіреті зор, қасиеті қастерлі күш мәртебесінен айрылып, биік деңгейден жай ғана ұйқастың, мақал-мәтелдің санатына түсті. Көмескі, көрінеу бейкүнә сипат алды. Ауыз әдебиетінің бір нысаны ретінде күй кешті. Бұл бір жағынан, оның сақталып қалуына сеп болды. Өзінің саяси-құқықтық мәнін жасырып, фольклорлық мұра ретінде сақталған бұл қазына қайраткерік еңбектің арқасында біртіндеп басылым жүзін көрді.

Уақыт өте Совет билігінің репрессивтік қуаты әлсіреді. Мақал-мәтелдердің, ділмар сөздердің әдеби-көркемдік қырымен қатар құқықтық мән-мазмұны ашылды. Жарқырап көрінді. Зерттеушілер назарына соны қырынан ілікті. Заң саласында диссертациялық жұмыстардың тақырыбына өзек болды. Осы кезде академик С.Зиманов негізін қалаған құқықтық мектеп өкілдері сүбелі еңбектерді жарыққа шығара бастады. Ол еңбектер өзінің танымдық-ағартушылық, ғылыми-теориялық қызметтерін біршама жоғары деңгейде жемісті атқарды. С.Зиманов мектебі жарыққа шығарған онтомдық та осы санатқа жатады.

Ендігі ретте мүлде соны деңгейдегі міндеттерге назар аударған жөн. Мәселен, бірінші кезекте, қазақ құқығын зерттеушілердің жаңа легін даярлауды қолға алу керек. Ол үшін республиканың жоғары заң оқу орындарында қазақ құқығын арнайы бағдарлама бойынша тереңдетіп оқитын топтар ашқан жөн.

Екіншіден, осы бағыттағы зерттеулерді тереңдету, құқықтық ғылымның соны жетістіктерімен ұштастыру, алғашқы зерттеулерде батылдық сипатты меленбеген түйіндер мен тұжырымдарды жаңғырту, жаңалау, жаңа өлшемдерге сай жүйелеу қажет.

Үшінші міндет – қазақ құқықтық мәдениетін жалпы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде тану, осы бағыттағы ғылыми зерттеулерге қомақты мөлшерде гранттар бөлу, оларды нәтижелі жүзеге асыру.

Төртінші кезекте қазақ құқықтық мәдениетін жүйелі түрде зерделейтін, осы салада көшбасшылық міндет атқаратын Ұлттық орталық ашу талабы тұр.

Бұл – ұлтымыздың төл құқықтық мәдениетін жаңғырту жолында атқарылар істердің бастапқы легі ғана. Уақыт қаншалықты зырлап, замана қаншама технократтық сипат алса да, халық өзінің тілі, ділі, діні мен наным-сенімінен, жалпы мәдениеті мен руханиятының төл тамырларынан ажырамауы, оның көкжиегіндегі жарық жұлдыздан адасып қалмауы тиіс.

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының кандидаты, «Bolashaq» академиясының профессоры.

 (Арнайы «Ұлытау» газеті үшін).