Қазақтың қайсар қызы еді

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтпек. Осы мерейтой қарсаңында үлкен ауқымды шаралар да өткізіледі. Солардың арасында әйгілі «Желтоқсан оқиғасы» да болары хақ. Өйткені ел Тәуелсіздігінің бастауы жалынды жастарымыздың осы желтоқсандағы шеруі болғанын ұмытпағанымыз жөн…

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы әр қазақтың жүрегіне сызат салды. Қанша жылдар өтсе де, алаңда арпалысқан жастардың бейнесі көз алдымыздан кетер емес. Осы оқиғаның бел ортасында болған, ұлтының намысы үшін алаңға шыққан жастардың бірі – Пернекүл Қазтайқызы Әбуляисова еді.

Пернекүл бір үйдің тұңғышы, әрі қуанышы болды. Әжесі Зағипаның ізгі тәрбиесін көріп, өмір көгіне еркін самғады. Ұстаздықты арман етіп, Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін абыроймен тәмамдады. Ауылға келіп, №18 Мибұлақ орта мектебінде мамандығы бойынша мұғалімдік қызметін атқарды. Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып бірнеше жыл еңбек етті.

Пернекүл әріптестерінің алдында зор беделімен және сыпайы мінезімен ерекшеленетін. Ауылдастары оны Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде де қатты құрметтейтін. Сол бір сұрапыл күндер жайлы айтып беруін де өтінетін. Сондайда Пернекүл: «ол кезде мен төртінші курста оқитынмын», деп бастайтын еді әңгімесін. «… Ертеңгілік басталған жастар шеруі кеш түсе қызыл қанға боялды. Сол күні ауа райы өте суық болып, сары аяз сақылдап тұрды. Жастардың киімі жұқа, көбінің бас киімдері жоқ. Алматының бас алаңы қазақ жастарының толқынынан тербеліп тұрды. Аязда жандарын шүберекке түйіп, халқының бостандығы үшін қасық қандары төгілгенше, белдерін бекем буып, қасқая сес көрсетті», деп аяқтайтын сосын әңгімесін.

Осындай оқиғаны бастан кешірген Пернекүл мұғаліммен жыл сайын желтоқсанға арналған кештерде кездесулер өткізіп тұрдық. Ұлағатты ұстаз шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, көптеген жас өренді өмір жолына қанаттандырды. Ажал айтып келмейді деген, 2020 жылы 55 жасында қазақтың қайсар қыздарының бірі – Пернекүл Әбуляисова оралмас сапарға аттанды. Ел Тәуелсіздігіне өзінің қаны мен терін төккен қайсар қыз мерейтойға жетпей кетті. Бірақ, оның есімі ауылдастарының жадында мәңгі қалды.

Меруерт ӘБДІМАНАТҚЫЗЫ,

Мибұлақ ауылының кітапханашысы.