Қазақстанның 14 колледжінің студенттері кәсіби шеберлікте бақ сынасады
WorldSkills Kazakhstan 2021 VI республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында Қазақстанның 14 колледжінің студенттері үздік атану үшін күресуде. Еліміздің 17 өңірінен 22 жасқа дейінгі 450-ден астам адам WorldSkills-тің 30 негізгі және 40-тан астам қосымша құзыреттіліктері бойынша жарысады.
Чемпионат 10 желтоқсанға дейін өтеді. Байқауға қатысушыларды 500-ге жуық сарапшы бағалайды.
Негізгі құзыреттер бойынша жарыстар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды және Семей колледждерінің 18 жарыс алаңдары базасында өтеді.
– 3 қарашада Қарағанды технология және сервис колледжінің алаңында «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша өз өңірлерінің 14 үздік өкілдері арасында жарыс басталды. Байқаудың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, білім басқармасы мен білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының, «Талап» КЕАҚ өкілдері, колледж педагогтары мен студенттері қатысты, – деді Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Татьяна Нартова.
Айта кету керек, WorldSkills қозғалысы 1946 жылы пайда болды. 2014 жылы оған Қазақстан қосылды. Елімізде сервистік және индустриялық мамандықтардың мәртебесін арттыру үшін 2015 жылдан бастап жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде 2 мыңнан астам конкурсанттар мен сарапшылардың қатысуымен WorldSkills чемпионаттары өткізіледі. Осы жылдар ішінде Қазақстан ұлттық құрамасы Бразилия, Швеция, БАӘ, Венгрия, Ресей, Австрияда өткен алты Халықаралық Чемпионатқа қатысты. Біздің қоржынымызда «Веб-әзірлеу» құзыретіндегі қола медаль бар.