Қазақстандық кітапханаларда «Парасаттылық жолы» орталықтары пайда болды

«Адалдық алаңы» жобасы аясында қазақстандық кітапханалар базасында «Парасаттылық жолы» орталықтары ашылды. Олардың негізгі мақсаты — ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және дін өкілдерімен қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету.

Алғашқылардың бірі болып осындай орталық Ұлттық академиялық кітапхана базасында пайда болды. Елордалық тәжірибені өңірлерге тарату мақсатында Қазақстанның барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларында, Алматы мен Шымкентте өңірлік орталықтар іске қосылды.

Жоба бастамашылары атап өткендей, мұндай орталықтар ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, жастар өкілдерінің кездесулері үшін диалог алаңына айналады. Бұл алаңдарда тікелей эфирлер де өткізілетін болады.

— Біздің мақсатымыз — өскелең ұрпаққа экономикасы мықты және рухани-адамгершілік негізі қалыптасқан ел қалдыру. Біздің бірлігіміздің негізі — Ұлы даланың ұлттық мәдениеті мен этнопедагогикасы. Жаңа орталықтың жұмысы адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге ықпал ететініне сенгім келеді, — деп атап өтті Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

inform.kz