Қазақстанда Еріктілер жылының қорытындысы шығарылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Еріктілер жылының жабылу рәсімі өтті. Бұл жыл COVID-19 пандемиясымен сәйкес келді. Ол біздің заманымыздың шешуші жаһандық дағдарысына және ең үлкен проблемаға айналды. Алдыңғы қатарға еліміздің дәрігерлерімен бірге еріктілер де шықты.
Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Президент еріктілік — бұл патриотизмді білдірудің және қоғамға қызмет етудің ерекше нысаны екенін атап өтті.
— Осы жыл ішінде еріктілер саны 100 мыңнан астам адамға жетті. «Біргеміз» жалпыұлттық бастамасы қысқа мерзім аралығында көптеген жанашыр отандастарды біріктірді. Еріктілер бүгінде де жұмыстарын жалғастыруда, бір күнге де тоқтамай қызмет етуде. Мен Сіздерді шын жүректен мақтан тұтамын! Мемлекет және мен сіздерге алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пысықтауы қажет кешенді міндеттерді атап өтті. Сонымен қатар, Президент жүйелі негізде волонтерлік қызметпен айналысатын кәсіпорындардың қызметкерлерін көтермелеу қажеттігін атап өтті.
Қарағандылық еріктілер қозғалысы мен клубтардың өкілдері форумға онлайн режимінде қосылды. Жергілікті еріктілер атынан Теміртау қаласының тұрғыны Бірлікбай Ордабаев сөз сөйледі.
— 2012 жылы зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық істермен айналысуға бел будым. Бұл жасыма келгенде мен «күміс ерікті» болдым. Мен үшін адамдардың шынайы ризашылығынан артық сыйақы жоқ. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты — әлеуметтік қолдау. Зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және жалғыз басты қарттарға үлкен көңіл бөлеміз. Қарттардың айтуынша, «Бірлік бар жерде тірлік бар». Біз әрқашан жастарға бұл асыл сөздерді еске саламыз. Қуанышта да, қиын жағдайда да біз жастармен біргеміз, — деді Бірлікбай Ордабаев.
Іс-шара соңында еліміздің барлық өңірлеріндегі еріктілер марапатталды. Қарағанды облысында «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығымен еріктілер қозғалысының ең белсенді өкілдері марапатталды. «Үздік волонтерлік ұйым» номинациясында Қарағанды қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірімділік көпірі» клубы жеңіске жетті.
— Бүгінгі жеңіс — бұл біздің оқушылардың, педагогтардың, ата-аналардың күшімен жасауға тырысатын үлесімізді мойындау. Сонымен қатар, бұл одан әрі жемісті жұмыс жасауға үлкен ынталандыру болым табылады. Мемлекет тарапынан берілген осындай жоғары баға бізді жастарымыздың бойында ең жақсы адами құндылықтарды одан әрі белсенді тәрбиелеуге міндеттейді, — деп атап өтті «Мейірімділік көпірі» клубының жетекшісі Гүлнар Сейітова.
«Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін» Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің оқытушысы Талшын Жапбасова марапатталды.
— Мен 2013 жылдан бері ерікті ретінде қызмет етемін. Пандемия кезінде облыстық «Сарыарқа Жастары» штабымен бірге жұмыс істеп, барлық мұқтаж отбасыларға көмектестік. Бүгінгі жеңіс мен үшін көп нәрсені білдіреді. Бұл мені әрдайым қолдап жүрген достарым мен туыстарымның жеңісі, — деді Талшын Жапбасова.
«Білімді насихаттауға қосқан үлесі үшін» номинациясында Балқаш қаласының One power еріктілер клубының жетекшісі Маржан Темірғали марапатталды.
— Біздің волонтерлік қызметіміздің басты бағыты — «Birgemiz: Bilim». Номинациядағы жеңіс — бұл 100-ден астам адамнан құралған бүкіл командаға берілген марапат. Сонымен қатар, бұл білім беру саласын одан әрі дамыту үшін үлкен мотивация, — деп бөлісті Маржан Темірғали.
«Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша «Жомарт Жүрек» сыйлығы «ҚазТехЭкспо» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешенінің бас директоры Сәуле Шәуеноваға бұйырды.