Қазақстанда «Дамумедбалалар дәрігері» акциясы өтуде
Қазақстанның үздік балалар дәрігерлері созылмалы аурулары бар балаларға кеңес беруге дайын. Баланы жоғары білікті дәрігердің қабылдауына жазу үшін ұялы телефон болса жеткілікті. Қайырымдылық акциясы Damumed мобильдік қосымшасында іске қосылды.
Жоба әсіресе пандемия кезінде, емханаға бару қауіпті болғанда пайдалы. Созылмалы аурулары бар балаларға кеңес беру шығындарын «Damumed» ЖШС өз мойнына алады.
Баланы Қазақстанның кез келген елді мекенінен таңдалған дәрігердің қабылдауына жазуға болады. Бірегей ұсынысты 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар пайдалана алады. Бұл ретте учаскелік педиатрдың жолдамасы талап етілмейді. Ол үшін қосымшаға кіріп, дәрігерлердің тізімімен танысу керек. Содан кейін Басты бетте балаңыздың профилін таңдап, «қабылдауға жазылу» түймесін басып, «Дамумед балалар дәрігері» тармағын таңдаңыз. Осыдан кейін сізге қажетті маман мен онлайн режимінде жазу үшін бос уақытты таңдау ғана қалады.
Акция аясында еліміздің 30-дан астам балалар дәрігеріне ең көп сұранысқа ие 10 мамандық бойынша жазба қолжетімді. Қабылдауды жетекші клиникалардың дәрігерлері, жоғары санатты мамандар жүргізеді.
Дәрігер аурудың жалпы көрінісін көруі және дұрыс емдеуге қатысты қорытынды шығаруы үшін мобильді қосымшаға науқан шарттарында көрсетілген қажетті тексеру нәтижелерін жүктеу ұсынылады. Барлық консультациялар бейне режимде өтеді.
Акция 2020 жылдың 9 желтоқсанына дейін жалғасады.
Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.