ҚАЗАҚСТАН: спорттың 8 түрінен – 82 лицензия

Енді бір аз ғана күннен соң Бейжіңде байрақты әлемдік деңгейдегі спорт бәсекесі басталады. Бұл додаға қатысу құқығын иеленген қазақстандық спортшылар үміттерін үкілеп, Қытайға аттанып та кетті. Ұлттық Олимпиада комитетінің дерегінше, қазақстандық атлеттер спорттың 8 түрінен 82 жолдамаға қол жеткізген.

Атап айтқанда, шаңғы жарысы бойынша 30 жолдаманы қоржынға салсақ, фристайлшылар 9 жолдамаға ие болған. Соның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12,  шорт-трекшілер 9 жолдаманы, тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары 4 жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар 2 лицензияға иелік еткен.

Орайы келгенде айта кетейік, Олимпиада ойындарының барлық қатысушыларының қозғалысы қатысушылардың денсаулығына қауіп төндірмеу және алдын-алу мақсатында арнайы басшылықпен қатаң түрде бекітілген талаптар мен қағидаттар жиынтығынан тұратын нұсқаулықпен реттеледі. Тек Олимпиада ойындары кезінде емес, бұл нұсқаулық Қытаймен шекарадан өтер алдында да қатаң түрде реттеледі. Ойын кезінде Олимпиада ауылының тұрғындарынан күн сайын ПТР-тест алынып, денсаулығы тексеріліп, жаздағы Токио Олимпиадасының үлгісі бойынша қатысушылардың орналасқан жері арнайы бақыланады.

Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады және төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оған әлемнің 95 елінен 4 000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда.

 

Киім үлгісі жаңартылды

Бейжіңдегі ақ Олимпиада ойындарына біздің құрама тұңғыш рет «QAZAQSTAN» деген жазуы бар жаңа формамен шығатын болды. Киім үлгісінің бұлайша қазақша атаумен тігілуін сарапшы-мамандар Қазақстан спорты тарихындағы тың бастама деп  қабылдауда…

Әрине, маңызды элементті халықаралық белгіден ұлттық белгіге өзгерту үшін Халықаралық Олимпиада комитетінен арнайы рұқсат алынғанын да айта кету ләзім. Десек те, Қазақстан Халықаралық Олимпиада комитетінің үш әріптен тұратын кодтарының тізімінде «KAZ» белгісімен қала береді. Өйткені, аббревиатура халықаралық стандартқа сәйкес пайдаланылады.

Алайда, Ұлттық Олимпиада комитетіндегілер ана тілінде дайындалған олимпиадалық киім-кешектің маңызды элементтері атлеттерге сенімділік пен тың серпін береді деп отыр. Шын мәнінде, Олимпиада ойындары – ең алдымен үздік атлеттер өз елінің байрағымен шығатын достық пен бейбітшіліктің аса ауқымды фестивалі. Бұл тек спортшылар үшін ғана емес, өз командаларын бар ықылас-пейілімен қолдайтын барлық жанкүйер үшін де маңызды оқиға. Олимпиада кезінде кез-келген жабдыққа басты назар аударылады. Сондықтан ел атауының «QAZAQSTAN» деп жазылуы  әлемдік қауымдастық алдында өте маңызды қадам болып саналатыны сөзсіз.

– Қазақ мәдениетінің ұлттық элементтері форма дизайнында халықтың салт-дәстүрлері мен өзіндік ерекшелігін атап өту үшін әрқашан да маңызды рөл ойнайтын. Біздің шетелдік әріптестеріміз жаңа жазуға жоғары баға берді. Біздің атлеттерге де форманың жаңа элементі қатты ұнады. Олимпиадашылар –  Қазақстанның шетелдегі маңызды елшілері. Сондықтан біздің отандастарымыз өз командасына қапысыз қолдау көрсетеді деп үміттенеміз, – дейді Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері.

 

Құрама туын ұстайтын сайыпқырандар

Olympic.kz. хабарлағандай, шорт-тректен Қазақстан командасының көшбасшысы, Әлем кубогі кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының туын ұстаушылар болып бекітілді.

Спортсүйер қауым жақсы біледі, Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасында танылды. Кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Екатерина Айдова үшін Бейжің ойындары – өзінің спорт жолындағы төртінші Олимпиадасы. Тәжірибелі спортшы – конькимен жүгіруден Әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.

– Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің байрағын көтеріп шығатын алғашқы қазақстандық спортшы қыз екенімді мақтан тұтамын. Көптеген атлеттер үшін бұл алғашқы Олимпиада, ал кейбіреулері төртжылдық додасына бірнеше рет қатысқан. Алайда, Олимпиадаға қанша рет қатыссаң да, ондағы сезім өзгермейді. Елің үшін мақтанасың және үлкен жауапкершілік барын түсінесің. Бейжіңде ел үмітін ақтау үшін бар күшімізді саламыз, – деді Екатерина Айдова.

Екатеринаға қарағанда, Абзал Әжіғалиев мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.  Ол Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын. Жалпы, Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен Әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, қоржынынан 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалі де табылады. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысқан.

– Олимпиада ойындарында Қазақстанның туын алып шығу үлкен абырой. Еліңнің байрағын ашылу салтанатында көтеріп шыққандағы сезім өмір бойы ұмытылмайды. Бізге сенім артқан барша жанкүйерге алғысымыз шексіз. Барлық олимпиадашылар атынан бұл бәсекені асыға күткенімізді айтқым келеді. Спортшыларға дайындалу үшін бар жағдай жасалды. Елде де, шетелде де дайындалдық. Енді Оимпиада айдынында ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз, – деді Абзал Әжіғалиев.

P.S. Бұл додаға ел намысын қорғауға қабілетті деген мықтыларды жібердік деп отырмыз. Өткен жылғы байрақты бәсекеде Көк туымыз Күншығыс елінің көгінде бір рет те көтерілмей, бәсіміз түсіп қайтып едік. Барыс жылында барысжүректі жігіттеріміз бен қайсар қыздарымыз сол кеткен есені қайтаруы тиіс деген үмітіміз зор.

Ендеше, Олимпиадаға қатысатын оғландарға сәттілік тіледік!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.