Қазақстан мен Моңғолия Президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлылық көрсеткені үшін Ухнаагийн Хурэлсухке ризашылық білдіріп, өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.

Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ухнаагийн Хурэлсух екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асқанын атап өтті. Кездесу соңында Моңғолия Президенті Мемлекет басшысына 60 мыңнан астам сөз енген Қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.