Қазақ спортының ахуалы қандай?

Спорт десе делебеміз қозып, ел намысын қорғап шыққан ұландар үшін тақым қысатын халықпыз ғой. Əйтсе де, соңғы уақытта бұл саланың «құлағынан» шу кетпеді. Өткенде талантымен əлемді тəнті еткен шахматшы қыз Бибісара АСАУБАЕВА даулы мəлімдеме жасап, бір шулатып еді. Күні кеше үлкен теннис спортындағы ең биік мəртебе – «Үлкен дулыға» турнирінде топ жарған Елена РЫБАКИНА да сынға қалды. Неге? Қалың қазақтың Елена қыздың жеңісіне қуана алмауының себебі не?

Асаубаева асау мінез танытты

Өткен айда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел намысын қорғап жүрген бір топ шахматшы қыздарды қабылдаған еді. Осы кездесуден соң танымал спортшы Бибісара Асаубаева күтпеген мəлімдеме жасап, Шахмат федерациясы басшыларына ауыр айып тақты. Оның мəлімдеуінше, федерация тізгінін ұстаған азаматтар шахматшы қыздарды Президент əкімшілігіне ақша сұрау үшін ертіп барған. Шахматқа 3 млрд теңге бөлудің қажеті жоғын айтқан спортшы, бұл ақшаны елдегі өзекті мəселелерді шешуге бағыттаған жөн деген пікір білдірді.

«Мен үшін бұл – өте ұят жағдай. Сол үшін кешірім сұраймын. Мен – спортшымын. Спортшы болып қалғым келеді. Мен чемпиондардан «қайыршы» жасауға тырысатын адамдардың əрекетінен ұяламын. Федерация президенті мен вице-президентін мойындаудан бас тартамын. Қазақстан құрамасының мүшесі, шахматшы жəне жедел шахматтан қазіргі əлем чемпионы ретінде федерацияға 3 миллиард теңге қажет емес екенін мəлімдеймін. Ол қаражат Жаңа Қазақстанға керек екеніне сенімдімін», – деп жазды Бибісара Асаубаева.

Шахматшы қыздың мəлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. Əрине, қарапайым көпшілік оның пікірін қолдап, қазына қаражатын оңды-солды шашуға қарсы шықты. Ал, федерация басшылығы болса «ақша сұраған жоқпыз, тек, спортты дамыту мəселесін талқыладық» деп ақталып, əлекке түсті де қалды. Олардың айтуынша, қажет ақша қазынадан емес, демеушілер есебінен тартылады екен. Солай болса, құба-құп. Спортшылардың өзі қажет санамаған қаражатты қазынадан бөлу – абсурд болар еді, əйтпесе. Ал, осы салаға тікелей жауапты министр Дəурен Абаеев болса, Бибісара Асаубаеваның мəлімдемесін «эмоцияға толы сөз» деп бағалады.

Еленаның жеңісі неге қуаныш сыйламады?

«Үлкен дулыға» турниріндегі мерейлі жеңістің қуанышын көлегейлеп тұрған басты себеп – Елена Рыбакинаның туған жері Ресей Федерациясы болуында. Иə, ол Қазақстанға туған елінде өз əлеуетін толық ашып, ТОП спортшылар сапына өте алмағандықтан келді. Бағын сынап, үлкен спортқа жолдама алудың басқа амалы да қалмаған еді. Өйткені Ресей үлкен теннистен əлемде көш бастап тұрған елдердің сапында. Ол жақта бəсекелестік өте жоғары деңгейде болғандықтан, жас таланттардың жарқ ете қалу мүмкіндігі аз. Қазақстан Теннис федерациясының өкілдері Елена Рыбакинаның қабілетін дөп бағалап, дер кезінде өздеріне тарта алды. Мұның спорт ұйымы тарапынан жасалған ұтымды келісім болғаны спортшының соңғы жеңісінен-ақ аңғарылып тұр. Алайда дəл осы жеңіспен кеуде керіп мақтана алмаймыз. Өйткені Еленаның мектебі басқа. Бірақ солай екен деп сыртқа теуіп, теріс айналуға тағы болмайды. Спорт сарапшысы Айдос Рымқұлдың айтуынша, Елена Рыбакина легионер болса да, қазақ спортының дамуына серпін бере алады.

– Қазақстан – теннис тарихы жоқ мемлекет. Бірлі-екілі спортшы болғанымен, толыққанды элиталық спортшыларды шығара алмайтын елміз. Бокс, күреспен салыстыруға келмейді. Біз үшін экзотикалық спорт… Бірақ солай екен деп қарап отыруға да болмайды ғой. Спортты дамыту, насихаттау керек. Ал федерация болса легионер тарту жолын таңдады жəне сарапшы ретінде мен мұны қолдаймын. Елена Рыбакина Токио Олимпиадасында топ жармаса да, тамаша ойын көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Осы жолы Уимблдонды жеңіп алды. Əлеуметтік желідегі жұрттың əңгімесі де неше күн бойы осы тақырыптың төңірегінде болды. Жүлде қорының қомақты екені де айтылды. Яғни қарапайым көпшіліктің осы спортқа деген қызығушылығы оянды. Демек, баласын үлкен тенниске беретін ата-аналардың да саны артады. Ал сан болған жерде бəсеке, бəсеке барда сапа бар, – дейді Айдос Рымқұл.

Иə, Елена Рыбакинаның жеңісін тек қазақстандықтар ғана емес, ресейлік жанкүйерлер де талқылап, оның Мəскеуде туғанын тілге тиек етіп жатты. Алайда бір анық нəрсе бар. Ол – Елена Рыбакинаның кəсіби спортшы ретінде қалыптасуына Қазақстан Теннис федерациясының өте көп ақша құйғаны жəне қолдау көрсеткені. Егер ол өз елінде қалғанда, мұндай биік белесті бағындыра алмауы мүмкін еді. Тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келіп, өз талантын ашты. Бүгінде ол – Қазақстан Республикасының азаматы.

– Əрине, мен Қазақстанның азаматымын. Азаматтыққа қатысты сұраққа бұған дейін де жауап бергенмін. Соңғы 2 жыл бойы нақты еш жерде тұрмаймын. Əр апта сайын бір қонақүйден екінші қонақүйде жүрмін. Одан қалды, дайындықта, жарыста жүремін. Яғни нақты тұрақты мекенім жоқ, – деді Елена Рыбакинаның өзі елордада өткен баспасөз мəслихатында.

Иə, теннисші қыздың жеңісі қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, пікір алуандығын туғызды. Бұл да – жеңіс. Өйткені келешекте спорттың осы түріне қызығатын жастар шығып, биік белестерді бағындырары анық.

ТҮЙІН

Мойындау керек, бүгінге дейін біз үшін күрес пен бокстан басқа спорт жат көрініп келген еді. Тəуелсіздік алған сəттен бастап əлемдік деңгейдегі додалардан, тек, боксшыларымыз ғана қоржын толы олжамен оралып жүрді. Сəйкесінше, еліміз бокс державасы атанып, мықтымын дегенге азулы қарсылас болып келген еді. Кейін бұл үрдіс біртіндеп ықпалын азайтты. Бізден де мықты елдер шыға бастады. Алайда, қазақ спортшылары спорттың басқа түрлерінен де топ жарып, өздерін көрсетіп келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Əйтпесе, төрт жылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарында бокс пен күреске сенеміз деп алтынсыз қайтқан жоқпыз ба?!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ