Қазақ руханияты – дін мен дәстүрдің тағылымды туындысы
Қасиетті Құранда: «Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға тағзым етуде, иман келтіруде әрі мойынсұнуда ең алда болғандарың)! Шүбәсіз, Алла – Алим (барлық нәрсені, соның ішінде, сендердің жай-күйлеріңді һәм не істеп, не қойып жүргендеріңді толық білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар болушы)»[1], –деп айтылады.
Исламның көрнекті ғалымдары – Мұхаммед ибн Джарират-Табари және Әбу Бәкір ибн әл-Араби осы аятқа түсініктемесінде былай дейді: «Адамдар халықтар мен тайпалар болып жаратылған, әр халықтың өзіндік ерекшеліктері бар – бұл тарих, мәдениет, тіл, дәстүрлер».
Белгілі бір елде немесе белгілі бір халықтар арасында таралған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер ислам құқығында «әдәт» және «әл-урф» деп аталады. Бұл іс-әрекеттің немесе сөйлеудің белгілі бір ұстанымдары. Олар құлшылық ету рәсімдерінде қолданылмайды, себебі бұл мәселелерде біз тек Алланың аянына сүйенеміз.
Дегенмен, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты әдет-ғұрыптар ескеріледі. Әрине, егер олар шариғатқа қайшы келмей, Алланың тыйым салғанын рұқсат етіп, не болмаса Алланың рұқсат еткеніне тыйым салмаса.
Бұдан шығатыны, дін мен ақылға қайшы келмейтін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар шариғатта мақұлданып, кей кезде үкімдерді шығаруда қолданылған.
Құранның өзі құқықтың бұл санатын растайды:
«Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың әкесінің міндеті»[2].
Әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан ата-бабаларымыздың болмысы, мінез-құлқы, ұлттық ұстанымы терең мағынаға ие болды. Қазақ халқының бай мәдениетінің шеңберінде ғасырлар бойы мән-мағынасы мол дәстүрлер бен әдет-ғұрыптар сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.
Олар асыл дінімізбен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғаттың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз бола білді. Алланың хақ діні ұлтымыздың бітім-болмысында, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырды. Адам өмірінің барлық кезеңдерін: баланың дүние есігін ашуы, тұсаукесер, сүндет той, қыз ұзату, үйлену тойы, қоныс той, қонақ күту және т.б. қамтыған халқымыздың дәстүрлері діни жоралғылармен үйлесімділікте көрініс тапты.
Этнограф-ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек мәдениетіміздегі ислам дінінің орны туралы: «Ислам діні тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр» деп айтқан болатын.
Уақыт өте келе салтдәстүрдің кейбіреуі өзгеріп, жаңа ерекшеліктерге ие болатыны түсінікті, бірақ негізі өзгермеуі керек. Әрине, заманауи жаңа үрдістерге назар аударған жөн, бірақ сонымен бірге ұлтымыздың тарихы мен ерекшелігін ұмытпағанымыз жөн.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аудара отырып: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», – деп атап көрсетті.
Ендеше, сан ғасырлық саф мұрамыз болып табылатын дәстүрлеріміз ұмытылмай, санамызда мәңгі жаңғырып тұруы үшін әрекет етуіміз керек. Сондай әрекеттің бірі – дінімізге бекем болу. Себебі, дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды.
Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен салтдәстүріміздің терең байланысының тағылымды туындысы. Қазақ халқының ұлттық-рухани кодын қолымыздан келгенше сақтауға тырысып, әр салтдәстүрімізді қадыр тұтайық.
Алла Тағала баршамызға ата дінімізді берік ұстанып, бабаларымыздың мұрасын ұмытпауымызды нәсіп етсін. Әмин!
Ислам МАРАТҰЛЫ,
Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы.