«Ауылдың баласымын бәрібір мен…»

Газетіміздің «Жыр-тұмар» айдарымен көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында ұлытаулық жас ақын Медет Сламұлының бір топ өлеңін жыр шашу етіп оқырман назарына ұсынып отырмыз. Медет Сламұлы Қарахметов 1991 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Аманкелді ауылында дүниеге келген. №3 Аманкелді орта мектебінде 11 жыл оқып білім алып, одан әрі, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетіне оқуға түсіп, «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмәмдады. Жезқазған аймақтық «Кеңгір толқындары» ақындар мүшәйрасының бірінші орын иегері, облыстық «Бұхарекең жырлайды» жыр жарысының жүлдегері, Ұлытау аудандық Ата Заң күніне орай өткізілген мүшәйраның екінші орын иегері. Жезқазған қалалық «Жас толқын» жас ақындар клубының мүшесі. Сарыарқа сериясы бойынша жарыққа шыққан «Арқадағы арда жыр» атты кітапқа олең топтамалары енген. Аймақтық басылым беттеріне өлеңдері жарияланып тұрады.

ТЫНЫШ

Тып-тыныш түн.
Төбемнен Ай қарады.
Тыныштықта секілдімін жаралы.
Тыныш жерде қалып қойсам осы күн,
Тынымсыз ой тынышымды алады.
Неге, осы тыныштықты құптайсың?
Ал, мен соны сүймейді екем жұрттай шын.
«Тыныш жүрсең түк пəле жоқ»,- дейсің бе,
Тыныш жүрсең биікке де шықпайсың.

Несі қызық тып-тыныш боп тұрса күн,
Бір ғасырдай тыныш өткен бір сəтім.
Бала кезде арқа жазып ойнасам,
«Тыныш жүр»- деп ата-анам да ұрсатын.

Мектепте де ұстаздардың көлдей тым,
Түсіне алмай жүретінмін мен кейпін.
Тыныш тұрсаң сабақ айт деп қинап ап,
Сөйлеп жатсаң «тыныштал» деп ренжитін.

Өмір де сол Мектеп сынды жол дейді,
Түсінуге кейде шамаң келмейді.
Тыныш жүрмей ұрынасың бір жерге,
Тыныш жүрсең қалауыңды бермейді.

Балалар да үйде асыр сап, шаң болса,
«Тыныш отыр», — деп жекиміз арланша.
Бір балаға зəру болып алайда,
Тыныштықтан мезі болған жан қанша…

Маңайым сəл тынышталса, мұң кіріп
Көкейіме ұялайды кіл күдік.
Балалар да тыныш қалса, қорқамын,
Отыр-ау деп бірдеңені бүлдіріп…

 

СЫЛТАУ КЕРЕК…

Көмек керек болып тұр, десе бір жан,
Табыла кететінбіз көше-қырдан.
Бүгін бірақ, өзгергім келіп отыр,
Енді, көмек күтпеңдер, кешегі ұлдан.

Көмегім тиіп еді, деп біреуге,
Болмайды екен босқа жер тепкілеуге.
Шақырғанның бəріне бара берген,
Ақымақ өзім екен, ептілерге.

Кей жандар, болмаса да, енді ешкімің
Өзіне керек кезде, бермес тыным.
Маған керек кезінде, сол жандардың,
«Уақыты жоқ» екенін көп естідім..

Барайын деп бəріне, барда демім,
Несіне сонша ақкөңіл болған едім?
Көмектескен едім ғой мен де оларға,
«Уақытым көп» болған ба сонда менің.

Байқағаным, жоқ бүгін көпте бірлік,
Тегін барса, көрердей текке құлдық.
Ал, мен болсам, жүріппін шапқылаумен,
Өлтіреді-ау мені осы ақкөңілдік…

Мақтағанға масайып, мендей жанды,
Көп нəрсеге жүріппін, бермей мəнді,
«Жақсы бала», деп бəрі жұмсауға əзір,
Шын айтсам, жақсы болғым келмей қалды.

Енді үйреніп айланы, əркім білген,
Осылай сабақ алам жарқын күннен.
Алайда, шақырғанға сылтау айтсам,
Ашылатын секілді, артым бірден.

Іздесе, іздейді деп неге мені,
Іздемесе, деп жүрдік, елемеді.
«Уақытың бола ма», деп сұрағанға,
Сылтау айтып үйрену керек еді…

 

ҰЛЫТАУЫМ

Ұлытауым – туған жерім, заңғар шың.
Елге мақтан, естігенге армансың.
Алғаш кіндік қаным тамған бұл жерде
Алаш айтып жүретіндей əн қалсын.

Туған жерім айналайын атыңнан,
Саған деген сағыныш қой шақырған
Көк тіреген бұл тауларың күш берген
Көкпарларда құламауға тақымнан.

Ұлытауым желің дауа таңда ескен,
Тастарыңда таңбалары бар көштен.
Тасты жарған бұлағыңнан су ішіп,
Топты жарған ұлдарың бар наркескен.

Ұлытауым Жақсыкелді əн қылған,
Жезкиігі желдей есіп əр қырдан.
Ұланғайыр Ұлытаудай өлкеде,
Ұшқан қыран қанатын да талдырған.

Жазираң бар жанар отын жандырған.
Тарихың бар талайларды таң қылған.
Ақсақ Темір Алтын шоқы үйдіріп,
Асқақ Ерлер Хан Ордасын салдырған.

Көк байрағым аспаныңда Ұлытау,
Қыран ұшқан асқарыңда Ұлытау.
Асқақ тауын, атырабын Алаштың
Арқа тұтар жастарың да Ұлытау

Үш жүзімнің бар қамалы — Ұлытау,
Ұларың да самғар əлі Ұлытау.
Ұлылықты ұлықтайтын ұлдардың,
Əні өзіңе арналады Ұлытау.

 

ТƏУЕЛСІЗДІГІМ

Əз бабалардың арманы болған,
Тəуелсіздігім — таң нұрым.
Қан мен тер беріп, қолға нық алған,
Егемен елім бар бүгін!

Бабалар аңсап, бастаған көштің,
Шыңына жеткен Қайраттар.
Бүгінде қолда, баспаған ешкім,
Желбіреген көк байрақ бар.

Тəуелсіздігім əн болып алдан,
Шырқала берсін біз үшін.
Тарих төрінен мəңгі орын алған,
Желтоқсандағы ізі шын.

Бабадан қалған асыл мұрасын,
Етсінші дəйім ел мақтан.
Балалар енді басындырмасын,
Келімсектерге кеп жатқан.

Ел болу үшін, сүйіп тіліңді
Жүрмесең шықпас үнің де.
Тəуелсіз елде, биік тұғырлы
Болса екен деймін Тілім де.

 

АУЫЛДЫҢ БАЛАСЫМЫН

Ауылдың таза ауасы тылсым анық,
Таң атпай құс сайрайтын жыршы халық.
Оянып қарағанда тереземнен,
Қос шоқым тұрушы еді күн шығарып.

Мал жайып, салып алып шекпенге құрт,
Зорман қуып кетуші ек, көкбелге еріп.
Сол кеткеннен шаршауды білмей үйге
Келуші ек күн ұяға кеткенде еніп.

Бір көмек сұраса егер басқа келіп,
Баратын ек, жасардай асқан ерлік.
Қала жақтан бір көлік көрінсе егер,
Біздің үйге келердей тосқан едік.

Солай өтті бал шағым, аңғал шағым.
Бұл күнде естелік бар, таңдар сағым.
Ер жетіп, білім алып, жігіт болып
Арман қуып, қалалық əнді аңсадым.

Қалада болсын деумен жолым ақтан.
Ортаға келіп түстік толы қақпан
Көкбел де, көкжиек те көрінбейді,
Көше бойлап жүреміз көлік аққан.

Ауылдың тым бөлек қой əні мүлдем,
Адамдары ақкөңіл жаны күлген
Алысқа арман қуып кетсем дағы,
Ауылдың баласымын бəрібір мен,
Сарлықтың баласымын бəрібір мен!

 

БАҚЫТ
(жарымның сұрағынан туған ой)

Томпиып жүргенің бақыт,
Жымиып күлгенің бақыт.
Асықпай анамызға да,
Шай құя білгенің бақыт.

Жанымда жатқаның бақыт,
Орамал таққаның бақыт.
Бес уақыт намазыңменен,
Қол жайсаң Хаққа мың, бақыт.

Еркелеп сүйгенің бақыт,
Шыт көйлек кигенің бақыт,
Кездерде достарым келген,
Қарсы алған үйдегі үн бақыт.

Күн көрсем көзіңнен бақыт,
Балқысам сезімнен бақыт.
Жалғанда жүз жасқа дейін,
Қартайсам өзіңмен бақыт.

Өзіңмен тұрағым бақыт,
Сен айтқан жыр-əнің бақыт.
«Мен осы қандай келінмін,
Мен осы қандай жанмын»-деп
Сұраған сұрағың бақыт!