Ауылдастар «АЛТАЙҒА» разы
«Кәсібің – нәсібің» демекші, қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысудың мән-маңызы зор болып тұр. Тұрмыстық ахуалыңды түзеп алатының бір бөлек, ел игілігіне қызмет ете отырып, халықтың алғысын да аласың. Сондықтан болар, соңғы жылдары ауданымызда жеке кәсібін ашып жатқандар саны арта түсуде. Кәсіпкерліктің түрлері де, бағыттары да сан алуан. Былтырғы жылы аудан әкімінің грантын иеленген жастардың басым бөлігі бүгінде өз кәсіптерін дөңгелетіп-ақ отыр. Ал нарық заманының алғашқы лебі шалғай ауылдарға жеткен шақта, жаңа заман талабына тез бейімделген, жеке кәсіппен айналысуды жедел қолға алғандар бүгінде тәжірибелі, «белді» кәсіпкерлер қатарында. Олардың арасында батыл қыз-келіншектердің де жүруі көңіл қуантады. Тәуекелге бел буған осындай нәзік жанды жеке кәсіпкерлердің бірі – борсеңгірлік Гүлшарат МҰҚАШЕВА.
Гүлшарат 1973 жылы Сарысу ауылында туған. Ауылдағы №7 орта мектепте онжылдықты 1990 жылы ойдағыдай аяқтайды. 1991 жылы көрші ауылдың Жасұлан есімді жігітпен жандары жарасып, отау тігеді. Екеуі 3 бала тәрбиелеп, өсірді. Жолдасы Жасұлан Сартайұлы ауыл әкімдігінде маман болып қызмет етеді. Гүлшарат жұбайымен ақылдаса келе, 2011 жылы өз қаражаттарына «Алтай» атты аралас тауарлар дүкенін ашады. Биыл ашылғанына 10 жыл толған «Алтай» дүкеніне борсеңгірліктер дән риза. Азық-түлікпен қатар, күнделікті ауыл тұрмысына қажетті тауарларын осы дүкеннен тауып жатады, әйтеуір. Гүлшарат та ауылдастарының көңілдерінен шығуға тырысып-ақ бағады. Не дегенмен супермаркет болмаса да, мүмкіндігінше шағын ауылдың керегін шығарып, қажетін табуына жарап тұр. Кәсіпкер келіншектің арманы – келешекте дүкенін кеңейтіп, «Алтайды» әмбебап сауда орнына айналдыру. Әлбетте, бұл – келешектің еншісіндегі шаруа.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ
БОРСЕҢГІР АУЫЛЫ.