Ауылдардың ахуалын бағамдады
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ біркүндік жұмыс сапарымен Қарақұм, Байқоңыр ауылдары, Ақтас кенті және барып, бүгінгі таңдағы даму үдерісімен танысты. Әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Сол арқылы халықтың ой-пікірлерін бағамдады.
Қарақұм ауылында күрделі жөндеу жүргізілген орта мектеп, балабақша, клубты аралады.. Емханада болып, дәрігерлермен пікірлесті. Әңгіме түйінінде екпе алу бойынша түсіндіру жұмысын жүргізу жайы қозғалып, ауыл әкімі Досет Уатаевқа нақты міндеттер жүктеді.
Аудан басшысы бұдан кейін Байқоңыр ауылына атбасын бұрды. Мұнда мектеп тынысымен танысып, содан соң құрылысы аяқталған мешітке барды. Мешіттің құжаттары рәсімделіп, пайдалануға беріледі. Қазір маңайына тал отырғызу, абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Сапар қорытындысына сәйкес, ауыл әкімінің алдына тиісті талаптар қойылды.
Советбек Тұрсынұлы Ақтас кенті мен Пионер ауылындағы сапарларын да білім ошақтарынан бастады. Пионердегі қосалқы электр станциясының жай-күйін көріп, оған жөндеу жүргізілетінін айтты. Соған қатысты және өзге де мәселелер бойынша кент әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.
Өңір басшысының Қоскөл, Байқоңыр ауылдары мен Ақтас кентіндегі тұрғындармен мақсатты кездесулерінде ауызсумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету түйткілдері талқыға түсіп, жол сапасының жағдайы сөз болды. Жұртшылық өздерінің көкейіндегі ойларын бүкпесіз жеткізді.
Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің оңтайлы шешімін табу бағытындағы жұмыс қолға алынатынын мәлімдеді. Өз кезегінде қатерлі індеттің алдын алу мен тосқауыл қоюға байланысты тұрғындарды ерікті түрде вакцина алуға шақырды. Сол мақсатпен әр ауыл-кенттерге аудандық аурухана дәрігерлері келіп, екпе салу жұмысын жүргізетінін айтты. Советбек Тұрсынұлы сондай-ақ, биыл ауыл әкімдерінің сайлауы өтетінін еске салып, қоғамдық маңызы зор науқанға біркісідей қатысуға шақырды.
Өз тілшімізден.