Ауылдан шыққан жомарт жан

Ауылымыздың тұрмысы мен қоғамдық жұмыстарына сүбелі үлесін қосып, өзінің еңбекқорлығы жəне өнегелі ісімен көпке үлгі бола білген Нұрлан ƏБДІҒАЗЫҰЛЫНЫҢ халық алдындағы қарекетін жұрт назарына салып, ақпарат құралдарына жариялау көптен ойымда жүрген еді. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» – демей ме, дана халқымыз.

Жүгінісов Нұрлан Əбдіғазыұлы сонау 1971 жылы Жезді ауданы Байқоңыр совхозында дүниеге келіпті. Ата-анасының қызмет бабымен бұрынғы Сəтбаев совхозына қоныс аударған балалық шағын Қоскөл ауылында өткізеді. Сол кездің еңбек тəртібіне сай еңбек жолын 10 жылдық мектепті аяқтасымен бастаған еңбекқор жігіт 1988- 89 жылдары еңбек сатысын механизаторлықтан бастайды.

Отан алдындағы борышын өтеу де ержігіттің бір қыры екені даусыз. 1989-91 жылдары Чехословакия мемлекетінде, Челябинскіде əскери борышын өтеген Нұрекең Қоскөл ауылындағы еңбек жолын қайта жалғастырып ширыға түседі. Осы жылдардан бастап бейнетқор жігіттің еңбек жолымен қатар білім қуып, білімін жетілдіруге деген талпыныстары да қалыс қалмайды. Үлгілі отбасы да болып үлгерген Нұрекең 2000 жылдары Жезқазған қаласына көшіп Талдықорған заң колледжінің құқықтану мамандығы бойынша, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде Заңтану мамандығы бойынша дипломдарын алып, білімін шыңдайды. Жезқазған қаласындағы №55 Өрт сөндіру бөлімінде, Жезқазған қаласындағы ішкі істер мемлекеттік полицияда еңбек етіп, осы саладан құрметті зейнетке шығады.

Марапаттан да құр алақан болмаған еңбек адамы «ІІМ үздік қызметкер» төсбелгісімен, «ІІД-нің ардагері» қоғамдық төсбелгісімен, «Қазақстан полициясына 30 жыл» қоғамдық төсбелгісімен, «Центральная группа войск» төсбелгілерімен марапатталып, ерен еңбектерімен мемлекет назарына да ілігіп үлгере білді.

«Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің» — дегендей, 2016 жылы туған жеріне қайта атбасын тіреген Нұрекең өзіне етене таныс тірлігіне білек сыбана кірісе кетті. «Еңбек етсең емерсің» — деген сөзді шынайы дəлелдеп жүрген еңбек адамы бұл күнде егіні мен мал өнімімен тапқан пайдасын ауыл халқына тиімді бағамен сатылымға шығарып, ел алғысына бөленіп жүргеніне де 4 жылдың жүзі болған екен. Мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да, қоғамдық əрекеттерді де қатар жүргізе білген Нұрлан Əбдіғазыұлын бүгінде өз халқының қалаулысы жəне құрметті азаматы деуге əбден негіз бар.

6 баланың үлгілі де сүйікті əкесі, сүйікті жар Жүгінісов Нұрлан Əбдіғазыұлы ағымдағы жылғы Ұлытау аудандық мəслихатындағы сайлауда №10 сайлау округінен үміткер болып сайлауға түсіп халық қалаулысы деген атауға да иеленген болатын. Ия, «Ауыл – алтын бесік» -дейді халқым. Бірлігі ұйысқан ауылымның осындай мақтауға тұрарлық азаматтары көбейе түссе нұр үстіне нұр болар еді?! Жəне осылай боларына да сенейік, ағайын!

Медет БЕЙСЕНОВ,
Байқоңыр ауылының тұрғыны.