Ауылда ілгерілеушілік байқалады

Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ ауыл тұрғындарымен кездесуі Байқоңыр ауылында жалғасты. Мұнда ауыл əкімі Шəріп БЕКЕТОВ атқарылған жұмыстары жөнінде есебін беріп, алдағы атқарылатын жұмыстарын бағамдады.

Ауыл əкімінің есебінен соң жергілікті тұрғындар Дүйсен Есенбаев мал соятын алаң ашу, Мадияр Талпақов ауызсу контейнерін жаңарту мəселелерін көтерсе, Марат Бихан жедел жəрдем көлігі керектігін, Азамат Маекенов жергілікті мəдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары қажетін айтты. Ал, ауыл тұрғыны Тағанбай Жалмурзин аудан əкімінің жұмысына сəттілік тілеп, ауыл əкімі Шəріп Бекетовтың есебін «қанағаттанарлық» деп бағалады.

Аудандық мекеме, бөлім басшылары алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары жөнінде айтып, өз салаларына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кездесу барысында аудан басшысы айтылған мəселелер рет-ретімен шешімін табатындығын жеткізді. Қарсақбай-Байқоңыр бағытында жолды жөндеу, фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарда барын айтты. Сөз соңында Аманжол Батырбекұлы Ұлытау облысының əлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарымен де таныстырып, 2022 жылдың 20 қарашасында кезектен тыс өткен Президент сайлауында ұйымшылдық танытқан ауыл тұрғындарына алғысын білдірді.

Есептік кездесуден кейін аудан əкімі ауыл тұрғындарын жеке мəселелері бойынша қабылдау өткізді.