Ауыл тұрғындарымен пікірлесті
Өткен аптада аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ жұмыс сапарымен Егінді ауылдық округіне барып, ауыл мен жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Әлеуметтік нысандардың қазіргі әлеуеті мен алдағы мүмкіндіктерін бағалады.
Алғашқы кезекте аудан басшысы ауылдағы білім беру ошағын аралап көрді. Мектеп типтік үлгіде болғанымен, оқушылар саны тым аздау. Советбек Тұрсынұлы осы жайтқа баса назар аударып, патронаттық тәрбие мәселесіне, бұдан тысқары, жас отбасыларды ауылға тарту шарттылықтарын қарастыру жөнінде сөз қозғады. Соған орай, ауыл әкімі мен мектеп директорына бірқатар міндеттер жүктеді.Осы орайда, бұл мектепке патронатты тәрбие талабына орайластырылып, бес оқушы бұған дейін келгенін айта кеткен ләзім.
Бұдан соң аудан басшысы ауыл емханасына барып, дәрігерлермен кездесті. Бір қуанарлық жайт – індетке қарсы екпе алу бойынша ауыл тұрғындары айтарлықтай белсенділік танытуда.
Сапар барысында аудан әкімі ауыл әкімдігінің ғимараты мен мәдениет ошағында да болып, мамандармен тілдесті. Аталған мекемелер ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне назар аударды.
Жергілікті клубта ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, алдағы уақытта аудан көлемінде атқарылу тиіс жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Ауыл тұрғындарын ашық пікір алмасуға шақырып, олардың тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Жергілікті жұртшылық өкілдері көлік жолы мәселесін шешу туралы тілектерін білдірді.Аудан басшысы бұл талап бойынша өзімен бірге барған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Болатбек Есназаровқа нақты тапсырма берді.
Жасұлан АЯШЕВ