Ауыл еңбеккерлеріне – қапысыз құрмет

Аптаның басында Ұлытау облысының аграрлары өздерінің төл мерекелері – Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін атап өтті. Облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ қатысуымен өткен салтанатты шараға ауыл шаруашылығы кəсіпорындарының басшылары, фермерлер, облыстағы аграрлық сала жұмысын ұйымдастырушы мамандар мен ардагерлер қатысты.

Мерекелік шараны облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы өзінің ақжарма тілегімен ашты.

– Біздің облыс негізінен өндіріске бейімделген өңір жəне облысқа қарасты аймақтардың дені қалалар. Ауыл шаруашылығымен айналысатын екі ауданымыз ғана бар. Десек те, өңірде агроөнеркəсіпті өрістетуге үлкен қадамдар жасалып, тың жобалар мен берері мол бағдарламалар қолға алынуда. Əсіресе егін, суармалы егін жəне бау-бақша саласын дамытуды қолға алмақпыз. Өңірімізде көпжылдық шөп егу де жоспарда бар. Осылайша аймақтың ауыл шаруашылығын əртараптандыру үшін үлкен жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл бағытта Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Қаражал-Жəйрем өңірінде қазірдің өзінде бастамалар қолға алынуда. Келешекте осы істі өрістете түсетін боламыз, – деген аймақ басшысы кəсіби мерекеге арналған жиынның шағын көлемде өткізіліп отырғанын, келер жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең ауқымда тойланатынын да тілге тиек етті.

– Еліміздің көптеген өңірлерінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жетістіктері сараланатын малшылар мен диқандар мерекесін тойлайды. Келер жылы біз де осындай ауқымды шараны бастағалы отырмыз. Бұл мереке Ұлытау ауданынан бастау алатын болады. Сөйтіп, ол өңіріміздің өзге аймақтарына ауысып отырады. Онда дала батырларының еңбегі дəріптеліп қана қоймайды, ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы озық əдістер мен іс-тəжірибелер де сарапқа салынып, бір-бірімізден үйренетін боламыз, – деп түйіндеді өз сөзін облыс əкімі.

Берік Əбдіғалиұлы жиын барысында Ұлытау облысының ауыл шаруашылығын дамыту мен аймақтың экономикасын арттыруға, елдің əлеуетін жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ сала мамандарына республикалық жəне облыстық деңгейдегі марапаттарды табыс етті.

– Биыл тұңғыш рет біздің аймақтың əр саладағы еңбек адамдары мемлекеттік ордендер мен медальдарға ие болып жатыр. Олардың қатарында ауыл шаруашылығының майталмандары да бар. Келешекте де өңіріміздің аграрлары осындай жоғары марапаттарға ие болады, – деді облыс əкімі аймақ аграрларына марапаттарын табыстай келіп.

Орайы келгенде атап өтейік, «Еңбек ардагері» медалімен Шален Шуданбеков, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Абзалбек Мулаков, Ержан Нұрбеков, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен Азатбек Кыдырпатшаев, Азамат Салмұхан, Нұрсұлтан Төлеген, Гүлназ Омарова, Ұлытау облысы əкімінің Құрмет грамотасымен Виктор Галле, Бекмағанбет Аймағанбетов, Амантай Төлеушин, Қуандық Түсіпов, Бауыржан Бегенов, Бүркіт Əлин, Ұлытау облысы əкімінің Алғыс хатымен Дəулет Дөңгелеков, Валентина Белякова жəне Əбілжан Үкібаев марапатталды.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ