«Ауыл аманаты» бағдарламасы қандай мүмкіндіктерге жол ашады?
Ұлытау облысында ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Осыған орай, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ (ӘКК) төрағасының орынбасары Алмат Жөкебаев Ұлытау ауданының ауылдарын аралап, тұрғындармен кездесті.
Кездесудің мақсаты – микрокредиттеу бағдарламасының шарттары мен бағыттарын халыққа түсіндіру, құжат жинау және өтініш тапсыру кезіндегі кедергілер жайында ауыл тұрғындарымен кері байланыс орнатып, ұсыныстарды қабылдау.
Сонымен қатар Алмат Жөкебаев ауыл тұрғындарын несие алудың жаңа шарттарымен таныстырды. Олар:
- ендігі уақытта өтінім берушілерден бизнес-жоспар талап етілмейді. Бизнес-жоспар орнына несие алу бағыты толығырақ көрсетілген анкета тапсырылады;
- ауылшаруашылық кооперативтеріне 8 мың АЕК дейін несие алу мүмкіндігі берілді;
- қайта несие алуға өтінім берген кәсіпкерге 8 мың АЕК дейін несие алу мүмкіндігі берілді;
- өтінім беру кезінде ұсынылатын құжаттар тізімі 23-тен 9-ға қысқартылды.
Сонымен қатар, бүгінде несие алу бағыттары бойынша барлық шектеу алынып тасталды. Ол дегеніміз, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындары несиені табыс табуға жол беретін кәсіпкерліктің барлық түріне алуларына болады.