Ауыл акушері
Медбике ісі – өз қызығы мен қиындығы бар жұмыс. Дәрігердің иығында қандай жауапкершілік болса, медбикелерге жүктелген міндет те сондай. Оның ішінде ауылдағы акушерлердің міндеті, тіптен, ерен. Жүктіліктің алғашқы күнінен бастап сәби өмірге келгенге дейінгі бақылау мен күтім – солардың мойнында. Осындай міндетті мінсіз атқарып жүргендердің бірі – Борсеңгір ауылдық ФАП акушері Гүлнұр САРЫБАЕВА.
2013 жылы Жезқазғандағы медициналық колледжіне емдеу ісі бойынша оқуға түскен қаршадай қыз оны 2016 жылы бітіріп, осында келген еді. Содан бері табан аудармай жұмыс істеп келеді.
– Жұмысым жаңа туған балаларға күтім жасаумен тығыз байланысты. Алғашында осы бөлімге жұмысқа тұрам деп күткен жоқпын. Негізгі мамандығым емдеу ісі болғандықтан, сол салада жүретін шығармын дегенмін. Әрине, жас маманға әрі енді қызметін бастаған тәжірибесіз акушерге үрейлену, қобалжу тән. Кейін үйрене бастадым. Жаңа туған нәрестені қолыңа алу, оларға септігіңді тигізу шынымен де зор қуаныш, – дейді Гүлнұр Марсқызы.
Ол медбике мамандығын таңдағанына еш өкінбейтінін де айтып өтті. Оның ойынша, медбикелік істің басты философиясы – адам өмірін сақтау, жеке тұлғаның құқығы мен абыройын сыйлай отырып, қызмет көрсету. Яғни, олар – науқастың күтіміне қарап, ұйымдастырып, емделушіге бар ықыласымен қызмет көрсететін жандар.
Расымен де, медбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Емделушіге психологиялық тұрғыдан демеу көрсетіп, мейірімділік танытып, тезірек айығуына жәрдемші болады. Сондықтан да, осы салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік символына айналған медбикелер қашанда сый-құрметке лайықты деп білеміз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
БОРСЕҢГІР ауылы.