Ауылға «Теле-2» келді
«Байланыс аясынан тыс жерде!» Мибұлақ ауылындағы танысыңызға болмаса туысыңызға ұялы телефон арқылы қоңырау шала қалсаңыз, ең әуелі осы сөзді естір едіңіз. Енді одан құтылатын болдық. Ауылға көптен күткен «Теле-2» байланыс операторының қондырғылары орнатылып жатыр.
Мибұлақ ауылы ауданымыздан шалғайда жатқан ауылдардың бірі. Бір шеті оңтүстік өңірмен шектеседі. Осындай шалғайда жатқан шағын ауылдардың жағдайы кімді де болмасын алаңдатары анық. Сол ауылдарда өмір сүріп жатқан тұрғындардың хал-ахуалынан хабардар болып отыру үшін ұялы байланыс қажет-ақ. Бұған дейін осы жағынан қиындық көріп келе жатқан ауыл, енді ол тығырықтан шығатын болды. Бұрын ауыл тұрғындары интернетті қалаға барғанда ғана пайдаланатын. Ұялы байланысы жоқ ауылда интернет қайдан болсын?! Ал қазіргі заманды интернетсіз елестету тіпті қиын.
– Бұл біздің көптен күткен қуанышымыз. Ұялы байланыс станциясының қондырғылары Талдықорған қаласынан төрт тәулік жүріп жетті. Ұялы байланыс пен интернеттің қызығын енді шексіз көретін болдық, – дейді округ әкімі Қалдыбек Кәкімжанов.
Алыстан жеткен жүк керуенін ауыл әкімі Қалдыбек Кәкімжанов пен ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Жеделбай Ақжанбаев бастаған ауыл тұрғындары қарсы алды. Жеделбай ақсақал ел үшін аса маңызды жүкті жеткізіп берген мердігерлердің өкілдеріне ақжарма тілегін айтып, ел атынан алғысын білдірсе, ауыл әкімі ауа райының қазіргі қолайлы кезеңін пайдаланып, станция іске қосылса деген ел тілегін жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.