ҰЛЫТАУ: Ауылға «Beeline» келді
Аманкелді селолық округінде ұялы байланыс желісі жоқ болатын. Аудан орталығынан бар-жоғы отыз шақырым жерде орналасқан ауыл ұялы байланыстың рақатын көре алмай жүрген еді. Енді, міне, сол олқылықтың орны толды.
Өткен жылдың қыркүйегінен бастап ауылға ұялы байланыстың «ұшқыны» жете бастады. Аманкелділіктер әуелі WIFI жүйесіне қол жеткізіп, бір мәз болып қалған еді. «Дара» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көмегімен қыркүйек айында ауылдағы 49 үйге WI-FІ желісі тартылған еді. Араға үш-төрт ай салып ауылға «Beeline» желісі де келіп жетті. «Картел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары қаңтар айында ауылға аталмыш желінің қондырғыларын әкеліп орнатып, ауыл тұрғындары ұялы байланысқа қосылды. Бұдан былай тұрғындар интернетке қосылып, әлеуметтік желілерге еркін кіре алады. Бұл, әсіресе, қазіргі онлайн режимінде оқып жатқан оқушылар мен студенттерге тиімді болды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
АМАНКЕЛДІ ауылы.