ҚАУІПСІЗДІК ПЕН САПАЛЫ БАЙЛАНЫС – БАСТЫ НАЗАРДА
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Өңір басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге көшпес бұрын қаржы басқармасы мен қоғамдық даму басқармасының басшыларын таныстырды.
Жиын барысында ішкі нарықтағы тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен сапасын жоғарылату шаралары және Ұлытау облысы елді мекендерінде байланыс сапасын жақсарту жайында қос сұрақ қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы Болат Байкин мәлімдеме жасады. Бұл ретте облыс әкімі жауапты орынбасарларына өңірдегі аттракциондар мен балалар ойын алаңдарына арналған жабдықтар және жеделсатылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін өңірлік ахуалдық штаб отырысында қарастыруды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші сұрақ бойынша Ұлытау облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы баяндама жасады. Өңір басшысы өз кезегінде Ұлытау ауданының әкіміне аймақтағы елдімекендердің байланыс сапасын жақсарту үшін мачта орнататын жерді рәсімдеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.