Қауіпсіздік мәселесі – қаперде

Ұлытау облысының Өңірлік коммуникация қызметі алаңында «Жаңа жылдық мерекелерді өткізу кезіндегі қауіпсіздік» тақырыбында брифинг өтті.

Тақырып бойынша Ұлытау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ермек Исмаилов баяндама жасады.
Жыл сайын біз бүкіл ел болып жаңа жылды қарсы алып, бірнеше күн тойлайтынымыз белгілі. Сондай-ақ, мерекеге байланысты оқу орындарында, мейрамханаларда жаңа жылдық кештер, іс-шаралар өтеді. Іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу кезінде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтамауымыз қайғылы жағдайға әкеледі.
Адамдар көп жиналатын орындардағы акт залдарын жаңа жылдық безендіруге ерекше назар аудару және жауапкершілікпен қарау қажет.
Шырша бөлменің төбесі мен қабырғаларынан кемінде бір метр қашықтықта болатындай етіп залдың ортасына орнатылуы керек. Жарықтандыруды арнайы маман-электриктер жүргізуі керек, өйткені жанғыш материалдардың көп болуына байланысты электр гирляндаларының сымдарының шамалы ұшқыны немесе қызуы өртті тудыруы мүмкін.
Қоғамдық шыршаларды екінші қабаттан жоғары орнатуға рұқсат жоқ, ал үй-жайларда кемінде екі шығу есігі бар болса орнатуға рұқсат етіледі. Жаңа жылдық ертеңгілік басталар алдында жарықтың дұрыстығын, өрт сөндіру құралдарының болуын тексеру қажет, ал мерекеге арналған іс-шараны өткізу кезінде өрт қауіпсіздігіне жауапты адам міндетті түрде қатысуы тиіс.
Пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде:
— Ғимараттар мен құрылыстардан, баспаналар мен ағаштардан 50 метр қашықтықта қолдану керек
— Қатты желде пайдалануға тыйым салынады
— Үй-жайларда пиротехниканы, отшашуларды, петардаларды пайдалануға қатаң тыйым салынады
— Пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде мамандандырылған дүкендерден алу керек және сертификатталған бұйымдарды пайдалану қажет.
Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар Департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 438-бабына сәйкес арнайы қызметтерді жалған шақыру әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Естеріңізге сала кетейік адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде, өрт немесе өрт қаупі туындаған жағдайда ғана 101 және 112 телефондарына қоңырау шалу керек.