«Қауесетке сенбей, екпе алған дұрыс»

Вакцина алу күн тәртібінде тұрған мәселе. Мұны дер кезінде қабылдағанымыз жөн. Кейбір жалған ақпаратқа сенбей, мамандардың пікіріне жүгіну керек. Өйткені, індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцина алу. Тәртіп бойынша елмен қатар екпе алған дұрыс. Мен өзім «Спутник-V» вакцинасының екі компонентін де алдым. Қауіп тудыратындай кері әсері байқалған жоқ. Өзім қандай да бір ауырсынуды сездім деп айта алмаймын.

«Вакцина алғандар ауырып жатыр» деген фейк парақшасындағы қауесет ақпаратқа сенбеңіздер. Мамандардың пікіріне жүгінген абзал. Мені ешкім вакцина алуға мәжбүрлеген жоқ. Өз қалауыммен вакцина салдырдым. Қазір жасым 22-де. Аудандық спорт мектебінде қызмет етемін. Спорт саласының маманымын. Жасөспірімдермен жұмыс жасайтын болғандықтен өзгенің де, өзімнің де денсаулығымның жақсы болуы үшін қауіпті індеттен сақтану мақсатында вакцинаны қабылдадым. Себебі, коронавирустың жаңа мутацияланған түрлері пайда болмауы үшін вакцина алу керек. Вирус табиғаты бойынша өзгеруге бейім. Егер халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптасса, вирус түрі түбегейлі жойылады. Жалпы, тұрғындардың 70 пайызы вакцина алса ұжымдық иммунитет қалыптасады екен. Сондықтан қазір барлығымыз вакцина алуымыз керек. Мұны ақпарат көздері де растап отыр. Біз қашаннан бір нәрсені көзімізбен көрмей сенбейтін халықпыз ғой. Бүгінде Ұлытау ауданында коронавирус жағдайы тұрақсыз. Өйткені, күннен-күнге сырқат саны артып келеді. Оны күнделікті естіп-біліп жатырмыз. Ертерек вакцина алсақ, ондай күйге түспес едік. Қазіргі кезде таңдау беріліп, вакцинаға қол жетіп тұрғанда оны алған ақылға сыйымды. Мен өзім вакцина аларда ешқандай қорыққан жоқпын. Вакцина алу керек деген соң, ойланбастан екпе салдыруға шешім қабылдадым. Өзіңнің және жақындарыңның қауіпсіздігі үшін вакцина алған дұрыс деп есептеймін.

Аманкелді РАМАЗАН.

ҰЛЫТАУ ауылы.