Ауданда – жаңа әкім
Сəрсенбі күні Ұлытау ауданы əкімдігінде аудан активінің жиыны өтті. Оған облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ арнайы қатысып, тұңғыш рет сайлаушылар тікелей дауыс берген аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар əкімдерінің сайлауы нəтижесінде халық сенімін иеленген ауданның жаңа басшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫ таныстырды.
Басқосуда аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов Ұлытау ауданы бойынша сайлау қорытындысын хабарлап, саяси додада жеңіске жеткен Аманжол Мырзабековке аудан əкімінің куəлігін табыстады.
Актив жиынында Берік Əбдіғалиұлы Тəуелсіз Қазақстанның тарих жылнамасына жаңа саяси реформалармен қадам басқанын айтып, сайлау науқанында белсенділік танытқандары үшін аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді. Ол сонымен қатар, өңірде атқарылған игі істерге сипаттама беріп, алдағы атқарылуы тиіс шаруалар тізбегіне шолу жасады.
– Аманжол Батырбекұлы – жастайынан туған жерді түлетуге бар күш-жігерін салып, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан тəжірибесі мол, іскер азамат. Алдағы уақытта экономика саласына, əсіресе, инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу жəне кəсіпкерлікті дамыту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырамын. Оған қоса, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндігін тиімді пайдалану керек. Аманжол Батырбекұлына жауапты қызметте сəттілік тілеймін, – деді өңір басшысы актив жиынын қорытындылай келе.
Актив жиынында Аманжол Мырзабеков өзіне ерекше қолдау танытқан жерлестеріне ризашылығын білдіріп, жүктелген міндет, айтылған аманаттарды абыроймен атқаратынын жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.