Ауданда республикалық фото-көрме өтті

Жақында елімізге белгілі жазушы, қоғам қайраткері Жан АҚЖАНОВТЫҢ «Қазақстанды сүю» тақырыбындағы республикалық фото-көрмесі ұлытаулықтардың назарына ұсынылды. Аудандық мəдениет үйінде өткен көрмеде жұртшылық жазушының қоржынындағы 50-ге тарта фотосуретті тамашалады. Фото-көрмеде автоөнеркəсіптен бастап, дала ақшасына дейін, сонымен қоса, Ботай мəдениеті, Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Қарахан кесенелерінің сəулет өнері, Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан Байқоңыр ғарыш алаңы мен Алматы метрополитені, Орал қаласындағы кеме жасайтын зауыттың картиналары қамтылған.
Жан Мухарапұлының айтуынша, əр суреттің өзіндік тарихи маңызы бар екен. Тіпті алыс сапарларға шығып, ұзақ уақыт жол жүруге тура келген кездері де болыпты. Мəселен, «Бекет ата» мешітін түсіруге Маңғыстауға, «Қорқыт ата» ескерткішін суреттеуге Қызылордаға сапарлапты.
Қоғам қайраткерінің негізгі ұстанымы – дүйім жұртты Қазақстанның тарихи жерлерімен, атадан-балаға мұра болып келе жатқан сəулет өнерінің көрнекті туындыларымен таныстыру екен.
Көрме барысында аудан əкімінің орынбасары Аян Əбжамалов жəне аудандық деңгейдегі мекеме-бөлім басшылары, №1 Ұлытау тірек мектебінің мұғалімдері мен оқушылары картиналарды тамашалай жүріп, Қазақстандағы тарихи орындарға, мəдени құндылықтарға ерекше назар аударды. Өйткені, картина суреттері де сонысымен құнды көрінді. Барлық фотосуреттер тарихи маңыздылығымен ерекшеленіп тұрды. Фотосуреттер туралы мағлұмат бере жүріп Жан Мухарапұлы да алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Өзімнің фото-көрмемді таныстыруды алдымен Қарағанды облысынан бастаған едім. Осыған дейін Теміртау, Абай, Саран қалаларында жəне Нұра, Осакаров аудандарында болдым. Кешеден бері Ұлытау облысының қалалары мен аудандарын аралап жүрмін. Сəті түссе, Қазақстанның барлық облыстары мен аудандарына осы фотосуретімді көрсету ойымда бар. Бұл картиналарды Қазақстанның түкпір-түкпірінен төрт жыл бойы жинадым, – дейді Жан Ақжанов.

Қайрат ЖҰМАБАЙ