Аудан әкімінің есебі тыңдалды

Біршама маңызды мәселелер қарастырылып, тізгінін мәслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ ұстаған Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс Х сессиясының жұмысына аудан басшысы Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мекеме-кәсіпорындар басшылары, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес, алғашқы кезекте аудан әкімі Советбек Медебаев мандат иелері алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуына қатысты қорытынды есебін берді. Көрнекі слайдтар қоса ұсынылған баяндамасында аудан басшысы өңірді басқару тізгінін қолына алғаннан бергі кезеңде атқарылған жұмыстар ауқымы мен олардың нәтижелері туралы сараптамалық-талдамалық мазмұнда егжей-тегжейлі сөз қозғады. Оның барысында түйткілді шаруалардың түйіндерін тарқатуға байланысты жоспарланған әрекеттер мен жүзеге асырылу шарттылықтары да бүкпесіз жария етілді.Советбек Тұрсынұлы өзінің ой-пікірлерін түйіндей келе міндетті межелерді еңсеру мақсатында қолда бар мүмкіндіктер толығымен әрі кедергісіз іске қосылатынын мәлімдеді.

Баяндаманы талқылау кезінде сөз алған аудандық мәслихаттың депутаты, мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Ахат Құрмансейітов жұмыстың жүйелі арнада екеніне дәйекті дәлелдер келтіре отырып, аудан әкімінің есепті кезеңдегі қызметіне оң сипатты баға берді. Тиісінше, депутаттар корпусы аудан басшысының есебін назарға алу туралы шешім жобасын бірауыздан мақұлдады.    

Бұдан кейін «Ұлытау ауданының «Құрметті азаматы» атағын беру туралы» (хабарламашы – аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек), Ұлытау аудандық  мәслихатының 2016  жылғы 12 қазандағы №49 «Ұлытау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы» (хабарламашы – аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова), «Ұлытау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 12 қазандағы «Нашақорлықпен күрес жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы» №53 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (хабарламашы – аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Кәренов) мәселелер қарастырылып, қажетті ұйғарымдар жасалды.

Аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Әбдікәрімовтың хабарламасына сәйкес, «Ұлытау аудандық мәслихатының Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясына ұсыныстар енгізу туралы“ сауал талқыға түсіп, тұжырымдалды.

 

Өз тілшімізден.