Аудан әкімін таныстырып, міндеттерді межеледі
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі және Ұлытау аудандық мәслихаты депутаттарының келісім беруі негізінде облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ өкімімен Аманжол МЫРЗАБЕКОВ Ұлытау ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Аймақ басшысы жаңа әкімді аудан активіне таныстырып, алдағы міндеттер ауқымын айқындап берді.
Облыс әкімі алғашқы кезекте аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясына қатысып, аудан әкімі лауазымына ұсынылатын үміткерге қатысты мандат иелерінің келісімін алды. Аймақ басшысының ұсынысын депутаттар бірауыздан мақұлдады.
Бұдан соң Берік Әбдіғалиұлы аудан активіне Ұлытау ауданының жаңа әкімін таныстырды. Өз сөзінде ауданның бұрынғы әкімі Советбек Медебаевтың ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланғанын атап өтіп, ауданда атқарған өнімді еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, жаңа әкімге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту және басқа да бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде, жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартып, қолданысқа озық технологияларды енгізу және өндірілетін өнім көлемін арттыруға қатысты іс-қимылды ширатуды міндетттеді. Бұдан тысқары, тұрғындарға барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, елді мекендерді жайлы, қауіпсіз, таза әрі көрікті аумаққа айналдыруды тапсырды.
Актив жиынында сөз алған еңбек ардагері Сәрсен Бектемісов Аманжол Батырбекұлының қай қызметте жүрсе де өз ісін адал атқарғанын, тәжірибесі толысқан іскер басшы екенін айта келіп, елді өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамыту ісіне жұмылдыра алатынына сенім білдірді.
Сапар түйінінде аймақ басшысы Ұлытау ауылының су құбыры мен кәріз тазарту желілерінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйін бағамдады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.