Аудан әкімі жұмыс бабымен Ұлытау селосын аралады

Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс, жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысымен бірге, аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов, ауыл әкімі Талғат Абжаппаров, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы  бөлімінің басшысы Болатбек Есназаров болды.


Аудан басшысы ат басын тіреген алғашқы нысан – аудандық ауылшаршылығы бөлімінің ғимараты. Бүгінгі күні бұл мекеме ғимаратына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандық бюджет есебінен мекеме ауласын қоршау, жарықтандыру, автотұрақ алаңын асфальттау және төсемтас төсеу жұмыстары жасалынады. Құрылыс жұмыстарын жеке кәсіпкер К.Қозыбаков атқаруда.

Аманжол Батырбекұлы жөндеу жұмысының барысымен танысқан соң, мердігерге құрылысты тоқтатпауды тапсырып, атқарылған еңбекке қаражат толық төленетінін жеткізді.

Келесі кезекте өңір басшысы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимаратына барды. Мұнда ғимараттың қоршауларын, бордюрлерді, брусчаткаларды жаңарту жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, Халыққа қызмет көрсету орталығының ішіне әжетхана орнату жұмыстары, ғимараттың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, артқы қасбеттін абаттандыру, тамбур орнату, төсеме тақтайшалар төсеу жұмыстары жасалады. Бұл жұмыстардың барлығын «Самрат Building Invest» ЖШС атқаратын болады.

Одан кейін Аманжол Батырбекұлы автовокзал ғимараттың жай-күйімен танысып, жауапты тұлғаларға мәселені шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Аталған мәселе бойынша жұмыстарды қалпына келтіру мақсатында мердігермен жасалған арнайы келісімшарт бар.


Аралау барысында Аманжол Мырзабеков аудан орталығында жаңадан салынатын бірқатар нысандардың орнын анықтап, жұмыс барысын бағамдады. 2023-2024 жылдары аудан орталығындаға көп қабатты 44 пәтерлі тұрғын үй, жеке басты 10 баспана, өрт сөндіру бекеті, футбол алаңы, балалар ойын алаңы салынады.