Аудан бюджеті нақтыланды
Кеше аудандық мəслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен өткен ХV сессияға аудан əкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан əкімінің орынбасарлары, аудандық мекеме-кəсіпорын басшылары жəне БАҚ өкілдері қатысты. Ал, кенттер мен ауылдық округтері əкімдері ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.
Күн тəртібінде 14 мəселе қаралды. Алғашқы мəселе бойынша «Ұлытау аудандық мəслихатының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы ХІ сессиясының «2022-2024 жылдарға арналған бюджеті туралы» №90 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» аудандық экономика жəне қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасады. Бұдан кейін Ұлытау ауданының Қоғамдық кеңесінің ережесін бекіту жəне учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы №306 шешіміне өзгеріс енгізу жайында мəселелер қойылып, оң сипатта шешімдері шығарылды. Сонымен қатар, аудандық мəслихаттың 2021 жылғы 15 қаңтардағы сессиясында бекітілген аудандық мəслихаттағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясын тіркеу туралы» №16 шешіміне өзгеріс енгізіліп, «АМАNАТ» партиясының фракциясы болып қабылданды.
Сессияда күн тəртібіне шығарылған барлық мəселелер жан-жақты талқыланып, қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сессия жұмысын қорытындыланған соң аудан əкімі Советбек Медебаев аудан орталығындағы электр жарығы, ауызсу мəселесі, кəріз жүйесіндегі олқылықтарды ашық айтты. Жалпы, аудандағы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын бақылап, талқылауға қоғамдық комиссиялармен, депутаттар мүдделі екендіктерін айтып, депутаттарды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ